Рәміздер – мақтанышым

Бүгін – бізге мемлекеттік рәміздердің маңызын, олардың ұлттық мәдениетіміздің негізі екенін еске салатын күн.

Жыл сайын 4 маусымда Рәміздер күні атап өтіліп келеді. Еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы Мемлекеттік рәміздер – көк байрақ, айшықты Елтаңба және асқақ Әнұран мемлекеттің төлқұжаты десек, артық айтпаған болар едік. Олар – ұлтымыздың мұқалмас рухы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.

Көк Тудың желбірегені

Соңғы жылдары әлем жұртшылы­­­ғы кеңінен пайдаланатын Reddit әлеуметтік платформасында өткен Flags of the World Tournament онлайн байқауында қатысушылар әлем елдерінің ішінен ең әдемі туды анықтады. 64 елдің туы бақ сынаған додада еліміздің көк байрағы ең көркем әрі мазмұнды рәміз ретінде таңдалды. Осындай мазмұнды рәмізіміз әлемнің түкпір-түкпірінде ғана емес, биік-биік шыңдарда, тіпті ғарышта да желбіреді: 1994 жылы Талғат Мұ­сабаев тұңғыш рет ғарышқа апарды. Ал 2011 жылы Оңтүстік полюсті ба­ғындырудың 100 жылдығына орай көк байрақ Антарктидада желбіре­ді. Сол жылы қазақстандық альпинистер Мақсұт Жұмаев пен Василий Пивцов Туымызды Азиядағы ең күрделі шың­дардың бірі – Чогори шыңына көтерсе, Мақсұт Жұмаев Солтүстік Американың ең биік тауына шығып, Туды Мак-Кинли шыңына апарды. Көк бай­рағымыз сондай-ақ Ленин шыңы мен жер шарындағы ең биік нүкте – Эве­рест төбесінде де желбіреді. 2012 жы­лы қазақстандық альпинист Андрей Гун­дарев Оңтүстік Американың ең биік жанартау  –  Охос-дель-Са­ладоға шығып, Қазақстанның Туын әлемдегі ең биік вулканға тікті.

Шығармашылықтағы патриотизм

Әлеуметтік желілерде шымкенттік ананың қызына арнап шоколад қаптамаларынан тіккен ерекше көйлегі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Instagram желісінде жарияланған бейнежазба аз уақыт ішінде мыңдаған көрерменнің назарына ілігіп, желі қолданушыларының жылы лебізіне ие болды. Бейнероликте ананың «Қазақстан» шоколадының қапта­маларынан қыз балаға арналған сәнді көйлек құрастырып жатқанын көруге болады. Көгілдір түсте дайындалған киім ондаған шоколад қаптамасымен безендіріліп, қанат пен тәж секілді сәндік элементтермен толықтырылған. Соның арқасында кішкентай бүлдіршін ертегідегі ханшайымның бейнесін сомдаған. 

Көйлектің авторы Әсел Құрбан­баеваның айтуынша, бұл туынды мек­тептегі «Қыс ханшайымы» байқауына арнайы дайындалған. Ерекше киімді жасауға шамамен бес күн уақыт кеткен. Ол жұмыстан кейінгі кешкі мезгілдерде көйлектің әр бөлшегін мұқият құрастырып шыққан. Ең қызығы, көйлекке пайдаланылған қаптамалар бір күнде жиналмаған. Анасы оларды 2019 жылдан бері сақтап келген. Көп жылғы еңбектің нәтижесінде дүниеге келген ерекше образ байқауда жоғары бағаланып, қыз бала бірінші орын ие­ленген. Желі қолданушылары шығар­машыл ананың еңбегіне тәнті болып, оның қиялы мен табандылығына жоғары баға беруде. Кейбірі бұл жұмысты қайта өңдеу өнерінің жарқын үлгісі деп бағаласа, енді бірі мұндай сыйлықтың бала жадында өмір бойы сақталатынын жазған. Пікір қалдырушылардың бірі: «Анасы жарады. Қаншама еңбек сіңірген. Бала бұл сәтті өмір бойы ұмытпайды», – деп жазса, енді бірі: «Керемет! Нағыз ісмер екен. Адамның ойына келмейтін дүниелерден әдемі зат жасап шыққан», – деген пікір білдірген. Қарапайым шоколад қаптамаларынан жасалған бұл туынды әлеуметтік желіде кең таралып, аналық мейірім мен ше­берліктің үйлескен жарқын үлгісіне айналды. 

Шебер ананың жұмысы көпшілікті тәнті етсе, елорда оқушылары да ерекше жобасымен жұрт назарын аударған. Өйткені бұл жобаның патриоттық рухтан туғаны көрініп-ақ тұр. Олар күнделікті тұрмыста пайдаланылатын 397 түрлі түсті 832 пластик қақпақтарды жинап, одан Қазақстанның көлемді картасын құрастырған. Осындай бастамалар жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілік пен жауапкер­ші­лік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді. Нәтижесінде бүлдіршіндердің бойында туған елге деген құрмет артып, оған тиесілі барлық құндылыққа жауапкершілікпен қарау дағдысы қалыптасады.

«Менің елім – менің Туым»

Мемлекеттік рәміздер күні қар­саңында Астанада дәстүрлі «Менің елім – менің Туым» акциясы бастау алды. Елорда жастарының бастамасы­мен және қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара аясында мем­лекеттік Ту тұрғын үйлердің қасбеттері мен балкондарына ілінді.

Бұл игі дәстүр соңғы бірнеше жылдан бері үздіксіз жалғасып келеді. Алдыңғы жылдары акция барысында мыңға жуық көк байрақ елордадағы көпқабат­ты тұрғын үйлердің балкондарына ілініп, қалаға ерекше мерекелік сән берген болатын. Биыл да бастама тұр­ғындардың қолдауына ие болып, елдік рухты асқақтата түсті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның негізгі мақсаты – жастар арасында патриоттық құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті күшейту және қоғамда отансүйгіштік сезімді нығайту. Жыл сайын қатысушылар санының артуы бұл бастаманың ел тұрғындары арасында кең қолдау тапқанын көрсетеді.

Мереке қарсаңында көк байрақтың елорда көшелерінде желбіреуі тәуелсіз елдің басты нышандарына деген құрметтің айқын көрінісіне айналды.

Рәміздер алаңы

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семейдегі Бейбітшілік аралында орналасқан «Өлімнен де күшті» монументі мен оған іргелес аумақты қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесін көрді.

Қайта жаңғырту жұмыстары биыл­ғы 15 сәуірде басталып, 1 маусымда то­лық аяқталды. Жобаның негізгі мақсаты – тарихи-мәдени нысанның келбетін жаңартып, тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы қоғам­дық кеңістік қалыптастыру.

Жоба аясында жалпы көлемі 10 мың шаршы метр аумақтағы тас төсемдері толық жаңартылды. Атап айтқанда, аумаққа заманауи Avers үлгісіндегі тақтатастар төселді. Сонымен қатар «Өлімнен де күшті» монументі мен Бейбітшілік стелласына қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 300 метр автоматты суару жүйесі орнатылды. Сондай-ақ сыртқы жа­рықтандыру тіректері жөнделіп, кабель желілері ауыстырылды. Кешеннің кіреберіс бөлігі қайта жаңартылып, абат­тандыру жұмыстары аясында 500 шаршы метрден астам аумаққа гүлзарлар орналастырылды. Қазір осы аумақта Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында Рәміздер алаңының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Аймақ басшысы жаңа кейіпке енген аумақтарды аралап, атқарылған жұ­мыстардың сапасына оң баға беріп, нысан қала тұрғындары үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

«Бейбітшілік аралындағы «Өлімнен де күшті» монументі – халқымыз бастан өткерген ауыр кезеңдердің және елге жасалған қасіреттің символы. Бұл жерге келген тұрғындар мен қонақтар өткеннен тағылым алып, тынығып, серуендей алады. «Өлімнен де күшті» монументі мен Бейбітшілік стелласының жанынан Рәміздер алаңы салынып жатыр. Әдемі композиция, үш таған болады. Бейбіт­шілік аралындағы бұл аумақтың ерекшелігі – өзен ортасында орналасқан кең әрі көрікті қоғамдық кеңістік болуы. Мұндай табиғи әрі тарихи маңызы бар орындар елімізде көп емес. Сондық­тан бұл жерді сақтап, абаттандыруға ерек­ше көңіл бөліп жатырмыз. Рәміздер алаңын Абайдың туған күні қарсаңында ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Берік Уәли.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ