Астанада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының Халық аспаптар ансамблінің құрылғанына 5 жыл толуына орай мерейтойлық концерт өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты
Халық аспаптар ансамблі 2021 жылы құрылып, осы уақыт аралығында театрдың музыкалық қойылымдарының ажырамас бөлігіне айналды. Ұжым Е.Жуасбектің «Үйлену» музыкалық комедиясында, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» музыкалық драмасында, М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясында, «Кешкі...7» спектакль-концертінде және басқа да қойылымдардың музыкалық сүйемелдеуін жүзеге асырып келеді. Театр қойылымдарына қатысумен қатар ансамбль ұлттық музыкалық мұраны дәріптеуге бағытталған жеке концерттік бағдарламалармен де көрермен қауымға тұрақты түрде өнер көрсетеді.
Ұжым құрамында домбыра, сыбызғы, дауылпаз, шаңқобыз, шіңкілдек, сазсырнай, жетіген, қылқобыз және өзге де ұлттық аспаптарды кәсіби деңгейде меңгерген орындаушылар өнер көрсетеді. Дирижері – Берік Сарыбай. Сонымен қатар ансамбль қатарында бірнеше музыкалық аспапта еркін ойнайтын кәсіби музыканттар мен жас композиторлар бар.
Ансамбль – Халықаралық фестивальдер мен байқаулардың лауреаты. 2021 жылы AsiaFolk 2021 халықаралық онлайн фестивалінде Гран-при және І дәрежелі дипломға ие болса, Францияда өткен Nouvelles Étoiles халықаралық байқауында «Классика және джаз» номинациясы бойынша І орын иеленді.
Бес жылдық мерейтойға арналған концерт бағдарламасына халық күйлері, классикалық шығармалар, авторлық туындылар және заманауи өңдеулер енгізілген. Музыкалық кеш ұлттық өнердің бай мұрасын, дәстүр мен жаңашылдықтың үндестігін паш ететін мазмұнды мәдени шара болмақ.
Мерейтойлық концерт театр көрермендері мен ұлттық музыка өнерін қадірлейтін қауымға ансамбль шығармашылығының жетістіктерін таныстыруға арналған.