Қайғылы оқиға Түркістан облысының Келес ауданында болды. Ошақты суару каналына құлап кеткен екі ағайынды баланы ағыс алып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 31 мамыр күні кешкі уақытта Еңбекші ауылында болған. Алдын ала дерек бойынша, 13 және 8 жастағы ағайынды балалар белгісіз себептермен каналға құлап кеткен. Күшті ағыс оларды бірден алып кеткен.
Балаларды іздеу жұмысына Түркістан облыстық ТЖД, полиция қызметкерлері және жедел-құтқару жасағының 73 маманы жұмылдырылды. Сонымен қатар 11 техника мен екі жүзу құралы тартылған.
Құтқарушылардың айтуынша, үлкен баланың денесі оқиға болған түні табылса, кішісінің мәйіті келесі күні анықталған.
Қазір қайғылы жағдайдың барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатыр.
Өңірде судағы жазатайым оқиғалар саны артып келеді. Жыл басынан бері Түркістан облысында суға кетудің 16 дерегі тіркелген. Оның 12-сі балаларға қатысты болған. Осыған байланысты мамандар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ жабдықталмаған әрі қауіпті су айдындарында шомылуға жол бермеуге шақырды.