Бурабай маңындағы тасжолда екі көлік соқтығысып, бес адам зардап шекті

Зардап шеккендердің арасында бір әйел мен төрт ер адам бар.

Ақмола облысында республикалық маңызы бар "Астана – Петропавл" автожолында жол-көлік оқиғасы болып, бес адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Оқиға 3 маусым күні сағат 17:00 шамасында Бурабай ауданына қарасты Ақылбай ауылы маңында, "Астана – Петропавл" тасжолының 254-шақырымында болған.

Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасына «Газель» және Toyota Alphard автокөліктері қатысқан.

Апат салдарынан екі жүргізуші, Toyota Alphard көлігінің бір жолаушысы мен «Газель» көлігінің екі жолаушысы түрлі дене жарақаттарын алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Зардап шеккендердің арасында бір әйел мен төрт ер адам бар. Дәрігерлердің айтуынша, олардың басы мен денесінің әр жері соғылып, тиісті медициналық көмек көрсетілген,  дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен. 

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жол апатының мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу нәтижесіне сәйкес қолданыстағы заңнама аясында процессуалдық шешім қабылданады.

Айта кетейік, бұл аталған бағытта бір күн ішінде тіркелген екінші жол-көлік оқиғасы болып отыр. Бұған дейін ескі бекет маңында жеңіл көлік алда келе жатқан «Газельдің» артқы бөлігіне соғылған болатын.

Аталған оқиғаларға байланысты Ақмола облысының Полиция департаменті жүргізушілерге жылдамдық режимін қатаң сақтауды, қозғалыс қарқыны жоғары учаскелерде барынша мұқият болуды және көліктің техникалық жағдайын тұрақты бақылап отыруды ескертті.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы