Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты Akorda-ға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ту көтеру рәсімінде сөз сөйлеп, барша қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
– Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қасиетті Отанымыз – Қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке. Біз осы күні байрағымызды биікке көтереміз. Сол арқылы еңселі, егемен ел екенімізді күллі әлемге паш етеміз.
Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы. Мемлекетіміздің әр нышаны халқымыздың болмыс-бітімінің көрінісі саналады.
Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі. Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні. Көк Туымыз – Тәуелсіздік тұмары. Төбемізге көтеріп, қадір тұтатын осы үш рәмізді мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны десек, артық болмайды. Тарихқа үңілсек, жұртымыз әрқашан бір тудың астына жиналып, ынтымақ-бірлігін сақтай білген. Қазір де еліміз ауызбіршілігін нығайтып, алға қарай сеніммен қадам басып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.