Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне қатысып, еліміздегі әскери оқу орындарының үздік түлектеріне әскери шен табыстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты Akorda-ға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы нағыз сарбаздың абырой-беделі, ең алдымен, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенетінін сөз етті.
– Мен былтыр әскери оқу орындарының үздік түлектерін қолдау жөнінде бастама көтердім. Оларға қалыптасқан дәстүрге сай «лейтенант» емес, «аға лейтенант» шенін тапсыру қажет екенін айттым. Соған сәйкес нақты тапсырма бердім.
Міне, бүгін осы бастама нақты жүзеге асырылмақ. Сіздер оқуды бітіріп, бірден «аға лейтенант» шенін алатын тұңғыш түлек боласыздар. Бұл – өздеріңізге артылған зор сенім және үлкен жауапкершілік. Қазақтың біртуар батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің «атақты алғаннан оны арқалап жүру қиын» деген сөзі бар. Шын мәнінде, нағыз сарбаздың абырой-беделі оның шенімен емес, ең алдымен, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенеді.
Көптеген жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Бәріңіз де антқа адал болып, қазақ сардары деген атаққа әрдайым лайық боласыздар деп сенемін. Бүгін алқалы жиынға озат түлектердің ата-аналары да қатысып отыр. Сіздер Қазақстанның дәл осындай отаншыл азаматтарына тәлім-тәрбие бердіңіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жас офицерлердің алғашқы әскери шені құтты болсын! Қызметтеріңізге табыс тілеймін! Туымыз әрдайым көкте желбіресін! Қазақ елі мәңгі болсын!, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.