Атыраудағы ойын-сауық саябағы өртеніп кетті

Алдын ала мәлімет бойынша, өртке электр желісіндегі қысқа тұйықталу себеп болуы мүмкін.

Атырау қаласының Авангард шағынауданында, Тілендиев көшесі бойында орналасқан ойын-сауық саябағында ірі өрт болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнына жеткен кезде ағаштан салынған «қорқыныш бөлмесі» мен оның маңындағы карусель толықтай отқа оранған. Алдын ала мәлімет бойынша, өртке электр желісіндегі қысқа тұйықталу себеп болуы мүмкін. Дегенмен нақты себеп комиссиялық тексеру нәтижесінде анықталады.

Белгілі болғандай, 2023 жылы пайдалануға берілген демалыс орны осы уақытқа дейін өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша тексерілмеген. Құзырлы органдар мұны Кәсіпкерлік кодексінің талаптарымен түсіндірді. Заңға сәйкес, жоспарлы тексерулер нысанның тәуекел деңгейіне қарай немесе нақты арыз-шағым түскен жағдайда ғана жүргізіледі.

Абырой болғанда, өрт кезінде нысан ішінде ешкім болмаған. Салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.