Бокстан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бүгінде Жақсы аудандық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқарып жүрген Дина Жоламан Қазақстан халқын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Танымал спортшы бұл мерекенің ел бірлігі мен тәуелсіздігінің айқын белгісі екенін атап өтіп, барша қазақстандықтарға ақжарма тілегін жеткізді.
– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын! Елімізде ең бастысы амандық пен бейбітшілік болсын. Қазақстанымыз тыныш, жұртымыз аман болсын. Халқыма бақ-береке, ынтымақ пен бірлік тілеймін, – деді әлем чемпионы.
Дина Жоламан – қазақ спортының абыройын халықаралық аренада асқақтатып жүрген саңлақтардың бірі. Әлем чемпионы атанған боксшы бүгінде жас спортшыларды тәрбиелеуге үлес қосып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, табандылық пен еңбекқорлыққа баулып келеді.
Айта кетейік, Мемлекеттік рәміздер күні жыл сайын 4 маусымда атап өтіледі. Бұл күн – Ту, Елтаңба және Әнұранға деген құрметті арттырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын аса маңызды мерекелердің бірі.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы