Science Focus материалына сүйенген Aikyn.kz климаттың жылдам өзгеруі Жердің айналу жылдамдығына қалай әсер ететінін бағалайды.
Жаңа зерттеу климаттың өзгеруі Жердегі тәуліктің ұзақтығын арттырып жатқанын және бұндай қарқын соңғы 3,6 миллион жылда байқалмағанын көрсеткен. Мәселенің негізгі себебі – полярлық мұздықтар мен мұз жамылғыларының еруі. Климат жылынған сайын бұрын полюстерде жиналған су мұхиттарға құйылып, экватор бағытына таралады. Бұл Жер массасының таралуын өзгертеді. Ғалымдар бұны қолын жайып айналған мәнерлеп сырғанаушыға ұқсатады: масса сыртқа қарай тараған сайын айналу баяулайды.
Вена университеті мен Цюрих технологиялық институтының зерттеушілері бұл құбылысты геологиялық өткенмен салыстырған. Олар теңіз түбінде өмір сүрген біржасушалы ағзалардың – бентос фораминиферлердің қазба қалдықтарын зерттеген. Олардың қабықшасындағы химиялық құрам ежелгі теңіз деңгейінің өзгерістерін көрсеткен. Осы деректер арқылы ғалымдар Жердің айналу тарихын есептеген.
Зерттеудің ең маңызды қорытындысы – қазіргі өзгеріс қарқыны ерекше. Бүгінде климат өзгерісінің әсерінен тәулік ұзақтығы әр ғасыр сайын шамамен 1,33 миллисекундқа артып отыр. Бұл аз сияқты көрінуі мүмкін, бірақ оның сыртында алып масса қозғалысы жатыр.
Зерттеу авторларының бірі, профессор Бенедикт Соджа бұл құбылысты былай түсіндіреді: «Тәуліктің бұлай өзгеруі үшін шамамен 1 000 гигатонна масса полюстерден мұхиттарға қарай ауысуы керек». Оның айтуынша, бұл Нью-Йорктің үстіне қойылған биіктігі 10 шақырымдық алып мұз текшесімен тең.
Ғалымдардың болжамынша, егер парниктік газ шығарындылары жоғары деңгейде қала берсе, 2100 жылға қарай климаттың өзгеруі Жер тәулігінің ұзақтығына әсер ететін ең басты факторға айналатын болады. Ол тіпті Айдың гравитациялық ықпалынан да асып түсуі ықтимал.
Бұл өзгеріс қарапайым адам үшін байқалмайды. Бірақ GPS навигациясы, ғарыш аппараттарын басқару және өте дәл эталондық уақыт өлшеу жүйелері үшін миллисекундтың өзі маңызды. Ең бастысы, бұл зерттеу адамзаттың Жер жүйесіне әсері қаншалықты тереңдеп кеткенін көрсетіп берді.