Бүгінгі таңда жүйеде 6,8 миллионнан астам кодқа тапсырыс беріліп, 1,6 миллионнан астам мотор майы таңбаланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сондай-ақ жүйеде тауар айналымының 380-нен астам қатысушысы тіркелген, олардың негізгі бөлігін мотор майларын импорттаушылар мен өндірушілер құрайды.
Тауар айналымына қатысушылар, оның ішінде бөлшек сауда нүктелері, май ауыстыру пункттері және автосалондар өнімді сату кезінде таңбаланған тауармен дұрыс жұмыс істеуі қажет.
Бақылау-кассалық машиналар арқылы сату кезінде қаптамаға басылған Data Matrix кодын сканерлеу талап етіледі. Есеп айырысу жүргізу кезінде кодты сканерлеу өнімнің таңбалау жүйесінде айналымнан автоматты түрде шығарылуын қамтамасыз етеді.
Таңбалау жүйесінде жұмыс істеу үшін тауар айналымының барлық қатысушылары Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде (ТТҚ АЖ) тіркелуі, сондай-ақ таңбаланған өніммен жұмыс істеуге техникалық дайындықты қамтамасыз етуі қажет. Атап айтқанда, фискалдық деректер операторына деректерді беру функциясы бар бақылау-кассалық машинаның және Data Matrix кодтарын сканерлеуге арналған құрылғының болуы талап етіледі. ТТҚ АЖ-де мына сілтеме арқылы тіркелуге болады: https://tanba.markirovka.kz/. Сайтта тіркелмесенемесе техникалық дайындық болмаса таңбаланған тауарды заңды түрде сату мүмкін емес. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте кассалық чекте таңбалау кодының көрсетілмеуі үшін жауапкершілік көзделген.
Data Matrix коды – тауар туралы ақпаратты сақтайтын шағын, шаршы пішіндегі екі өлшемді код. Онда тауардың шығу тегі, өндірушіден тұтынушыға дейінгі қозғалыс жолы, соның ішінде өндірілген күні мен жарамдылық мерзімі туралы мәліметтер қамтылады. Код криптографиялық қорғаумен қамтамасыз етіп, оны сенімді сәйкестендіргіш етеді.
Цифрлық таңбалау жүйесін енгізу тауар айналымын қадағалаудың бірыңғай цифрлық контурын қалыптастырады, нарықтың ашықтығын және айналымға қатысушылардың барлығы үшін тең жағдайды қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің бұйрығына сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап міндетті цифрлық таңбалауға жататын өнімдер тізбесін кеңейту көзделгенін де хабарлаймыз. Оған майлайтынмайларының, майлайтын материалдардың және арнайы автомобиль сұйықтықтарының жекелеген түрлері бойынша СЭҚ ТН-ның 14 коды енгізіледі.
Еске сала кетейік, бүгінде Қазақстанда алты тауар тобы міндетті таңбалауға жатады: темекі өнімдері, аяқ киім, дәрілік заттар, киік мүйіздері, мотор майлары, сыра және сыра сусындары. Ағымдағы жылдың қыркүйегінде биологиялық белсенді қоспаларды, ал 1 желтоқсаннан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалауды енгізу жоспарланған. Қазіргі уақытта пилоттық режимде медициналық мақсаттағы бұйымдарды, өсімдік майын, тұрмыстық химия тауарларын және косметиканы таңбалау сынақтан өтуде. Тұрмыстық баллондарда өткізілетін сұйытылған мұнай газын және ағаш материалдарын (сүрегін) таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталды.