Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдері айтарлықтай жеңілдетілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Соның бірі – мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қолдау шараларын рәсімдеу процесін цифрландыру.
2022 жылдан бастап елімізде мүгедектікті тағайындаудың сырттай проактивті форматы енгізілді. Бұл жүйе азаматтарға медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшелеріне бармай-ақ қажетті рәсімдерден өтуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта мүгедектікті куәландыру рәсімдерінің 45 пайыздан астамы онлайн форматта жүргізіледі. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ықпал етіп отыр.
Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап мүгедектігі бойынша төленетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 10 пайызға ұлғайтылды.
Жаңартылған төлем көлеміне сәйкес:
– І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 200 мың теңгеге дейін;
– ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 154 мың теңгеге дейін;
– ІІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 117 мың теңгеге дейін жәрдемақы төленеді.
Мемлекет әлеуметтік қызметтерді цифрландыру және халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жалғастырып келеді.