Қазақстанда нәресте өлімі 7,5 есеге азайды

Егер бұрын бұл салаға 264 миллиард теңге бағытталса, бүгінде қаржыландыру көлемі 585 миллиард теңгеге жеткен.

Қазақстанда соңғы жылдары ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында атқарылған жұмыстар оң нәтиже беріп, нәресте өлімі көрсеткіші 7,5 есеге төмендеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл кезеңде балаларға медициналық көмек көрсетуге бөлінетін қаржы көлемі айтарлықтай артқан. Егер бұрын бұл салаға 264 миллиард теңге бағытталса, бүгінде қаржыландыру көлемі 585 миллиард теңгеге жеткен.

Денсаулық сақтау саласындағы қолдау шараларының арқасында жыл сайын туа біткен даму кемістігі бар шамамен 1,5 мың нәресте қажетті хирургиялық ем алады. Сонымен қатар екі мыңға жуық балаға ашық жүрекке ота жасалып келеді.

Қазіргі уақытта елімізде балаларға медициналық көмек көрсетудің көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан. Бұл жүйе балалардың денсаулығын ерте кезеңнен бақылауға, дер кезінде емдеуге және оңалту қызметтерін қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстан бойынша жұмыс істейтін 81 оңалту орталығында мыңдаған бала қажетті медициналық және оңалту көмегін алып жатыр.

Мамандардың айтуынша, балалар денсаулығын сақтау мен медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.