«Тарлан Астана»: LRT-ның атауы өзгеруі мүмкін

LRT-ға «Тарлан Астана» атауын беру ұсынылды.

Қалалық мәслихаттың отырысында Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесінің (LRT) атауын өзгерту ұсынылды. Бұл туралы Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабек мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты

Оның айтуынша, жеңіл рельсті көлік жүйесіне атау беру жөнінде қала тұрғындарынан, қоғамдық ұйымдардан және Қазақстан Жазушылар одағынан түрлі ұсыныстар түскен.

Қазір LRT елорданың негізгі қоғамдық көлік жүйелерінің біріне айналып келеді. Сондықтан жоба тек инженерлік немесе техникалық нысан ретінде ғана емес, тұрғындарға жеңіл айтылатын, есте сақталатын әрі заманауи бренд ретінде қарастырылуы қажет. Халықаралық тәжірибеде мұндай көлік жүйелеріне қала мәдениеті мен ерекшелігін айқындайтын қысқа әрі бірегей атаулар беріледі. Осыған байланысты жаңа атау ұлттық болмысқа сай, халықаралық форматқа бейімделген және навигация жүйелерінде, мобильді қосымшалар мен ресми ақпараттық ресурстарда қолдануға ыңғайлы болуы керек, –  деді Досжан Исабек.

Ол бұл мәселе 3 маусымда өткен қалалық ономастика комиссиясының отырысында қаралғанын жеткізді. 

Айтуынша, комиссия мүшелері бірнеше атау нұсқасын талқылаған. Олардың қатарында «Қыран», «Құлан», «Аспан», «Тарлан» және басқа да атаулар болған. Талқылау қорытындысы бойынша комиссия мүшелері жеңіл рельсті көлік жүйесіне «Тарлан Астана» атауын беру туралы ұсынысты бірауыздан қолдаған. 

– «Тарлан» атауы қазақтың тарихи-мәдени мұрасымен тығыз байланысты. Ол қазақ дүниетанымындағы еркіндік, жылдамдық, күш-қуат, тектілік және сенімділік секілді қасиеттерді білдіреді. «Тарлан Астана» атауы айтылуы жеңіл, есте сақтауға оңай және заманауи көлік жүйесінің серпінді сипатын көрсетеді. Сонымен қатар халықаралық форматқа бейімделгендіктен, шетелдік қонақтар мен туристер үшін де қолайлы болмақ, – деді ол.