Қазақстан күнбағыс майы экспорты бойынша рекорд орнатты: табыс 963 миллион долларға жетті

Биылғы форумға әлемнің 18 елінен 330-дан астам делегат қатысты.

5 маусым күні Астанада Еуразия кеңістігіндегі май өңдеу өнеркәсібінің даму үрдістері мен болашағын талқылауға арналған  FOC 2026: Fats and Oils Conference  бесінші мерейтойлық халықаралық конференциясы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Соңғы бес жылда бұл алаң саладағы ең беделді халықаралық іс-шаралардың біріне айналды. Биылғы форумға әлемнің 18 елінен 330-дан астам делегат қатысты. Олардың қатарында Қазақстандағы 50-ден астам май өңдеу кәсіпорнының басшылары, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, агроөнеркәсіптік холдингтердің, логистикалық компаниялардың өкілдері және әлемдік нарықтағы жетекші компаниялар бар.

Конференцияны Қазақстанның Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығы ҚР Сауда және интеграция министрлігі, ҚР АШМ және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырды. Форум жұмысына International Trade Centre, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Wilmar, Bunge, Kourosh Food Industry, Huatai, Chinese Cereals and Oils Association, China Vegetable Oil Industry Association секілді халықаралық ұйымдар мен жетекші компаниялардың өкілдері қатысты.

Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов май өңдеу саласының бүгінде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық қатысушылар санының жыл сайын артуы осы саланың әлемдік экономикадағы рөлінің күшейгенін көрсетеді. 

Вице-министр аграрлық өңірлерге жасалған жұмыс сапарлары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесулер отандық агроөнеркәсіп кешенінде түбегейлі өзгерістер жүріп жатқанын дәлелдейтінін айтты. Қазақстан біртіндеп шикізат экспортынан жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге, терең өңдеуді дамытуға және жаңа экспорттық нарықтарды игеруге көшуде.

Бұл өзгерістердің нақты нәтижелері халықаралық деңгейде де көрініс табуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына қосылып, жаһандық экспорт көлемінің шамамен 3,6 пайызын қамтамасыз етті. Сондай-ақ еліміз Қытай нарығында күнбағыс майын экспорттаушы елдер арасында екінші орынға көтерілді. Бір жыл ішінде майлы дақылдар мен май өнімдерінің экспорты 70 пайызға өсіп, экономиканы әртараптандыру мен шикізаттық емес экспортты дамыту бағытындағы табысты саясаттың айқын нәтижесіне айналды.

Бүгінде май өңдеу саласы өңдеуші өнеркәсіптің негізгі өсу нүктелерінің бірі саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, саладағы өндіріс көлемі алғаш рет 1,57 миллион тоннадан асып, экспорттық түсім рекордтық деңгейге – 963 миллион АҚШ долларына жетті. Салыстырмалы түрде алғанда, 2021 жылы бұл көрсеткіш небәрі 240 миллион АҚШ долларын құраған. Осылайша, төрт жыл ішінде экспорттық түсім көлемі төрт еседен астам өсті.

Әсіресе, күнбағыс майын өндіру қарқынды дамып келеді. Соңғы төрт жылда оның өндірісі 2,3 есеге артып, 752 мың тоннадан асты. Сонымен қатар Қазақстан ішкі нарықтағы импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетті. Егер 2015-2021 жылдары импорттық күнбағыс майының үлесі орта есеппен 39 пайызды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 18 пайыздан аспайды.

Қазіргі таңда май өңдеу саласы еліміздің өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортынан түсетін валюталық кірістің төрттен бірінен астамын қамтамасыз етіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, оның үлесі 27 пайызға жетіп, саланы Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың біріне айналдырды.

Өңдеу көлемінің артуы бүкіл агроөнеркәсіп кешенінің дамуына серпін беруде. Отандық кәсіпорындардың майлы дақылдарға деген сұранысының өсуі егіс алқаптарының кеңеюіне, ауыл шаруашылығына инвестиция тартудың артуына және өндірістік қуаттардың жаңғыртылуына ықпал етуде. Сонымен қатар терең өңделген өнім өндірісінің ұлғаюы мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, құрама жем өндіру және тамақ өнеркәсібі сияқты сабақтас салалардың дамуына оң әсерін тигізіп отыр.