Қосарланған рақымшылық: ізгілікке жасалған қадам

Мемлекет басшы­сының қылмыстық саясатты ізгілендіру және халықтың борыштық жүктемесін азайту бағытындағы тапсырмасына сәйкес елімізде алғаш рет қылмыстық және әкімшілік рақымшылық шарасы қатар жүргізілмек. Кезекті гуманистік науқан туралы Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиевтен сұрап білдік.

– Еліміздің тәуелсіз тарихында биыл алғаш рет қылмыстық және әкімшілік рақымшылық қатар жүргізілмек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны қабылдаған кезде айтқан болатын. Президент тапсырмасына сәйкес Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заңды қабылдауы керек. Сіз­діңше, бұл жолғы рақымшылықтың негізгі мақсат-міндеті және ерек­шелігі қандай?

– Мемлекет басшысы биыл 17 наурызда жаңа Конституция­ның қабылдануына байланысты азаматтар мен мемлекеттің қауіп­сіздігіне қатер төндірмейтін бір­қатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша ра­қым­шылық өткізілетінін жария­лаған болатын. Мұндай шеші­м Ата заңдағы адам құқықтары мен бостан­дық­тарын қорғау мәсе­ле­сіне ерекше мән берілгеніне байлан­ысты қабылданды деп ойлаймын. Онда әрбір азамат­тың өмір сүру, білім алу, еңбек ету, сөз бостандығы және заң алдында тең болу құқықтары нақты көрсе­тіліп, олардың сақталуына мем­ле­кет кепілдік беретіні айқын жаз­ыл­ған. Бұл Конституция адам­ның қадір-қасиетін жоғары құндылық ретін­де танып, азамат­тардың құқық­тары мен заңды мүдделерін қор­­ғауға бағытталған маңызды құқықтық негіз болып табылады.

Мемлекет басшысының бас­та­масымен қолға алынған бұл шешім жазалау мен жауапкер­шілік қағидаттарын сақтай отырып, белгілі бір санаттағы аза­маттарға жаңа мүмкіндік беру­ді қарастырады. Бұл заң жоба­сының басты ерекшелігі – оның өте селективті болуы. Бұл қоғамд­ағы әділеттілік сұранысын ес­кере отырып қабылданған шешім деп бағалауға болады.

Жалпы, рақымшылық инс­титуты әлемнің көптеген елінде қол­данылады. Ол әдетте мемле­кеттік мерейтойлар, саяси рефор­малар, конституциялық өзгеріс­тер немесе гуманитарлық се­беп­терге байланысты жарияланады. Мысалы, Италия, Франция, Ис­пания, Ресей, Түркия және бір­қатар Латын Америкасы елдер­інде әртүрлі кезеңдерде ра­қымшылық актілері қабылданған. Алайда қазіргі халықаралық тә­жірибе көрсеткендей, мемле­кет­тер ауыр қылмыс жасаған адам­дарға рақымшылық беруге барған сайын сақ қарай бастады. Соңғы жыл­дары әлемде «жаппай рақым­шылықтан» гөрі «мақсатты ра­қым­шылық» үлгісі басым. Яғни, кәмелетке толмағандар, әйелдер, қарттар, бірінші рет қылмыс жаса­ғандар немесе жеңіл қылмыс жасағандар ғана қамтылады. Қазақстандағы қазіргі заң жобасы да осы халықаралық үрдіске сәй­кес келеді.

– Рақымшылық қанша адам­ды қамтиды деп жоспарланған? Алды­на ала есептеулер жүргізілді ме? Қанша адамның босатылуы немесе жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін?

– Алдын ала жүргізілген есеп­ке сәйкес, қылмыстық рақым­шы­лық шаралары шамамен 16,5 мың адамға қатысты қолданылуы мүмкін, соның ішінде колониялар мен өзге де бас бостандығынан айыру орындарынан 1,5 мыңға жуық сотталушы босатылмақ. Бірақ қоғамда жиі кездесетін қате түсінік бар, ол – осы адамдардың бәрі бостандыққа шығады деген пікір. Шын мәнінде, олардың белгілі бір бөлігі ғана толық босатылады. Қалғандарының жазасы қысқартылады немесе жеңілдетіледі. Сондықтан бұл – жаппай босату акциясы емес, жазаны дараландыру механизмі. 

Сонымен қатар айтып отыр­ғанымыздай, заң жобасында ал­ғаш рет әкімшілік рақымшылық та қарастырылып отыр. Бұл са­нат­та Қазақстан азаматтары, жеке кәсіпкерлер, жеке нотар­иустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және заң консуль­тант­тары әкімшілік айыппұл­дар­дың белгілі бір санатынан толық босатылуы мүмкін. Дегенмен сот­тар салған айыппұлдар мен аза­маттар мен мемлекеттің қауіп­сіздігіне қауіп төндіретін құқық­бұзушылықтар үшін салынған әкімшілік жазалар рақымшы­лық­қа жатпайды. Алдын ала мәліметтерге сенсек, әкімшілік рақымшылық шамамен 1 мил­лион айыппұлды қамтуы мүмкін.

– Заң жобасында рақымшылық қолданылмайтын санаттар қараст­ырылған ба? 

– Заң жобасында рақым­шы­лық қолданылмайтын санаттар нақты көрсетілген. Олардың қа­тар­ында сыбайлас жемқорлық қылмыстары, террористік және экстремистік қылмыстар, кәме­летке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қыл­мыс­тар, азаптау фактілері, қайталама қылмыс жасағандар, қоғамға жо­ғары қауіп төндіретін қылмыс­тар, жақында қылмыс санатына енгізілген құқықбұзушылықтар, сырттай сотталған азаматтар бар. Тағы бір нақты атап айту керек мәселе, әрбір сотталғанға қатыс­ты түпкілікті шешімді сот жеке тәртіппен қабылдайды. Сонымен бірге жергілікті атқарушы орган­дарға бостандыққа шығатын аза­маттарды әлеуметтік бейімдеу және қоғамға қайта кіріктіру бойынша міндеттер жүктеледі.

Ал сыбайлас жемқорлық қыл­мыстары бойынша сотталған­дар­ға рақымшылықтың қарасты­р­ылмағанын қолдаймын. Бұл – өте дұрыс шешім. Мұның бірне­ше себебі бар. Біріншіден, Қа­зақ­стан соңғы жылдары жемқор­лықпен күресті мемлекеттік сая­саттың негізгі бағыттарының бір­іне айналдырды. Екіншіден, жемқорлық қылмыстары қоғам­ның мемлекетке деген сеніміне тікелей зиян келтіреді. Үшін­ші­ден, егер мұндай адамдар рақым­шы­лыққа ілінсе, бұл қоғамда «жем­қорлық үшін жауапкершілік әлсіреп жатыр» деген түсінік қа-лыптастыруы мүмкін. Сондықтан бұл жерде саяси сигнал өте анық, мемлекет жемқорлыққа қатысты ымырасыз саясаттан бас тарт­пайтынының дәлелі деуге бола­ды.

– Алдын ала есептеулер бойын­ша, 15 мыңға жуық адам ра­қымшылыққа ілігеді деп жоспар­ланған екен. Дегенмен бұл адамдар кезінде түрлі қылмыс жасап, заң бұз­ғаны рас. Енді оларға мемлекет тарапынан рақымшылық жасалуы зардап шеккендердің мүддесіне қайшы емес пе?

– Кез келген құқықтық мем­ле­кеттің негізгі міндеті – сот­талған адамның да, жәбір­лену­шінің де құқықтарын қорғау. Сондықтан рақымшылық авто­матты түрде кінәні кешіру дегенді білдірмейді. Көп жағдайда кел­тір­ілген материалдық шығын өтелуі немесе өтелу тәртібі сақ­талуы қажет. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары өз күшін жоғалтпайды. Яғни, рақым­шы­лық қылмыстық жазаны жең­іл­детуі мүмкін, бірақ келтірілген за­лал үшін жауапкершілікті жой­майды. Дегенмен кез келген ра­қым­шылық белгілі бір тәуе­кел­дерді қамтитынын ескеру керек. Қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, негізгі қауіп – рецидив, яғни қайта қылмыс жасау мүм­кін­дігі. Алайда халықаралық зерт­теулер көрсеткендей, ұзақ уақыт түзеу мекемесінде болып, кейін қоғамнан оқшауланған адамдардың қайта бейімделуі күрделі мәселе болып саналады. Сондықтан мемлекеттің мінде­ті – тек босату емес, кейінгі бақылау мен қолдауды ұйымдас­тыру. Қауіптің деңгейі негізінен пробация жүйесінің тиімділігіне байланысты болады.

– Ал мемлекет үшін тиімді тұс­тары қандай? Жалпы, рақымшы­лық еліміздің қылмыспен күрес сая­сатына қайшы келмей ме?

– Мұндай шешім кейде түзеу мекемелеріндегі адам санын аз­ай­туға жасалған қадам секілді көрінуі мүмкін. Иә, түзету меке­ме­леріндегі жүктеме төмендеуі, қызметкерлердің жұмысы жеңіл­деуі, медициналық және әлеумет­тік қызметтердің сапасы артуы секілді қолайлы тұстары бар. Сон­дықтан рақымшылық белгілі бір дәрежеде пенитенциарлық жүйе­ні оңтайландыру құралы рет­інде де қарастырылады. Алай­да экономикалық тиімділік бұл заң­ның негізгі мақсаты емес. Бас­ты мақсат – түзелуге мүмкін­дік беру және әлеуметтік қайта бейімдеуді қамтамасыз ету.

Бір қарағанда, рақымшылық жазалау қағидатына қайшы көрі­нуі мүмкін. Алайда құқықтық теорияда жазаның мақсаты тек жаза­лау емес. Оның ішінде әділ­еттілікті қалпына келтіру, соттал­ған адамды түзеу, жаңа қыл­мыс­тардың алдын алу мінд­еттері бар. Егер адам қоғамға қауіп төн­дірмейтін деңгейге жет­се және түзелуге бейімделсе, оған қосым­ша мүмкіндік беру қыл­мыспен күрес саясатына қайшы емес. Керісінше, көптеген сарап­шылар тиімді қылмыстық саясат тек қатаң жазалауға емес, қайта әлеу­меттендіруге де сүйенуі керек деп есептейді.

– Сіздіңше, рақымшылық әділеттілік пен ізгілік қағидат­та­рының арасындағы тепе-теңдікті сақтай ала ма? Бостандыққа шық­қан адамдарды қоғамға бейімдеу жұмыстары қалай жүргізіледі?

– Бұл – рақымшылық төңір­егіндегі ең күрделі сұрақтың бірі. Бір жағынан, қоғам қылмыс жаса­ған адамның жазаланғанын қалайды. Бұл – әділеттілік қа­ғи­даты. Екінші жағынан, мемлекет адамның түзелу мүмкіндігін де жоқ­қа шығармауы керек. Бұл – гуманизм қағидаты. Қазіргі заң жобасы дәл осы екі қағидаттың ортасынан жол табуға тырысады. Өйткені қоғамға аса қауіпті адам­дар рақымшылыққа жатпайды, ал қауіптілігі төмен санаттағы адам­дарға екінші мүмкіндік беріледі. Сондықтан бұл заңды әділ­еттілік пен ізгіліктің ара­сындағы ымыра ретінде бағалауға болады.

Егер адам түрмеден шығып, жұмыссыз қалса немесе әлеу­мет­тік қолдау көрмесе, қайта қылмыс жасау қаупі артады. Сондықтан жұмыспен қамту орталықтары, пробация қызметі, әкімдіктер және әлеуметтік қорғау орган­дары бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Сарапшылардың пікірінше, ра­қым­шылықтың табысы босатыл­ған адамдардың санына емес, олар­дың қоғамға қаншалықты сәтті бейімделгеніне байланысты бағаланады.

– Тәуелсіздік жылдары бұған дейін он рет рақымшылық жүргізі­ліпті. Жалпы, тәжірибеде бостан­дық­қа шыққандардың қайта қыл­мыс жасау статистикасы бар ма? Егер адам бұрынғы қателігін қай­та­лап, қылмыс жасаса, олар қалай жазаланады?

– Рақымшылыққа ілінген­дердің, менің білуімше, басым көп­шілігі қайтадан қылмыс жасамайды. Дегенмен рецидив толық жойылған жоқ. Бұл жерде маңызды мәселе – рақымшы­лық­тың өзі емес, босатылған адамның кейінгі тағдыры. Егер адам жұмыспен қамтылса, әлеу­меттік байланыстары сақталса және пробациялық бақылау дұ­рыс ұйымдастырылса, қайта қыл­мыс жасау ықтималдығы айтар­лықтай төмендейді. Сондықтан қазіргі кезде көптеген елдер ра­қым­шылықты әлеуметтік бейім­деу бағдарламаларымен қатар жүргізеді. Біріншіден, мемлекет аза­маттардың түзелу мүмкіндігіне сенетінін көрсетеді. Екіншіден, қыл­мыстық саясаттың тек жаза­лауға емес, қайта тәрбиелеуге де бағытталғанын аңғартады. Үшін­шіден, ауыр қылмыс пен сыбай­лас жемқорлыққа қатысты қатаң ұстаным сақталатынын білдіреді. Саяси тұрғыдан алғанда бұл мем­лекет пен қоғам арасындағы сен­ім қатынастарын нығайтуға ба­ғыт­талған қадам ретінде баға­лан­уы мүмкін. 

Сұхбаттасқан

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ