Кең сілтеп, кемел тыныстаған

Өткен ғасырдың 60–70-жылдары қазақ поэзиясының даңқы шығып, дәуірлеген тұсы еді. Алдыңнан Алатаудың самалы ескендей ерке сылқым күйімен тамылжыған Тұманбай өлеңдері, мұңы мен сырын ішке бүгіп, алқына, талпына шарқ ұра шыққан Мұқағали мақамдары, әр сөзі сақаға құйған қорғасындай ақыл мен парасаттың парқын сездіретін Қадырдың қастерлі жырлары, көктем күніндей елжіреп, көктем гүліндей үлбіреп тұрған Сағи саздары.

Қарақалпақстан жақтан қара үзіп шы­ғып, көкірегінен Амудария мен Сырдария толқындарын қатар ағытып, қазақы жыр­дың легімен, Оңтүстіктің оттай ыстық ле­бі­мен Айбергенов шықты атойлап. Ойлы өлеңнің қайнарында, өзінше бір әлем болып  Жұмекен жатты жыр жайлау­ында.

Міне, осы кезде, сонау Торғайдың бір толқыны болып Кеңшілік қосылды қазақ поэзиясына. Кеңшілікпен бірге қазақ поэзиясына тың бір екпін, ерекше толқын тоғысты. Кеңшілік бірден келген бетте қазақ өлеңіне өзгеше рең, өр рух әкелді.

Кеңшілік өлең өлкесіне қазақ киіз үйінің туырлығына сіңген түтін иісін, қа­зақ тарпаңының мінезін, қазақ қымызы­ның дәмін, қазақ қызының қылығын ала келді. Осылайша, қазақ өлеңінің легіне Торғайдан тай болып қосылған Кеңшілік келе-келе, желе-желе аз жылдардың ішін­де өзі де жыр тұлпарына айналды.

Әкеден ерте айырылып, жетімдіктің тақсіретін тартқан менен гөрі Кеңшілік ат арқасына мінгенше ата-анасының құша­ғында асау тайдай, бұғалыққа бағынбай еркін өсті. Екеуміз қатар өсіп, бірге жүріп, тай-құлындай тебісіп, орта мектепті ойда­ғыдай бітіргеннен кейін, ол бірден Алма­ты­ға аттанды. Мен аз жылдар Торғай­дағы аудандық газетте аялдап қалдым.

Кеңшілік Алматыға келген бетте әдеби ортаға күрп етіп кіріп, бірден сіңісіп кетті. Бара сала маған қайта-қайта хаттар жазып, Алматыға шақыра бастады. Сол хаттардың біразы менің архивімде әлі күн­ге дейін сақтаулы, біраз бөлігі баспа­сөз­де де жарияланды. Енді сол кезде Кең­шіліктің көзімен, ойымен жазылған хат­тағы кейіпкерлердің кейпіне назар ау­да­ра­лық. Алғаш көзі көрген жас тұй­ғындардың кейін хас қыранға айналарын Кеңшілік сол кезде-ақ бағамдап қой­ғандай:

«Әбіш Кекілбаев. Паң. Құдай маңғаз­дықты өзінен аямаған. Келбетіне қыз қы­ры­лады. Сол паңдығына қарамай сон­дай кішіпейіл, барсаң арқаңнан қағады. КазГУ-дің филфагын бітірген...

Тұманбай. Тебінгідей көзілдірігі бар, қарттарға тым жақын ғой деймін. Өлеңі қандай от болса, өзі де сондай. Тым сезім­ге жүйрік адам-ау шамасы деп түйдім.

Жұмекен Нәжімеденов. Өте ойлы. Адамдығы, жастарды түсінуі, Қалиханның Қасымын түсінуі бәрі-бәрі керемет. Кел­бетті. Ресторанға көп барады-ау, «Қазақ­станның» алдынан жиі көрем. Қадыр тан­ыс­тырған. Өзі түк оқу бітірмеген. 9-шы­ны жартылап оқуды аяқтапты. Қазір «Қазақ әдебиетінің» поэзия бөлімінде біл­дей бастық.

М.Мақатаев. Сенен сырт түрі бір аусайшы. Оны көргенде сені көргендей болам, нансаң...

Ақындар көп, бәрі тамаша. Серігім, сенен шын ақын, нағыз ақын шығады. Сау бол. Құшақтаймын. Сағындым сені, тірі Тұрғынбек!

Кеңшілігің, Кеңтайың, Кеңпейілің, Кеңің.

9.11.64 ж.»

Міне, осыдан 60 жыл бұрын жазылған хат­тың кейіпкерлері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, Кеңшілік болжа­ған­дай болып шыққанына таңғалмасқа шараң жоқ.

Мектеп бітірген соң менен екі жыл бұрын Алматыға кеткен Кеңшіліктің хат арқылы болса да жолдаған лебіздері мені қатты қызықтырып, бірте-бірте астанаға аң­сарым ауа бастады. Әкеден ерте айыр­ыл­ған, жастай жетімдіктің зардабын тарты­п, Алматыға бара алмай, пұшайман көңілде жүрген мен екі жыл өткен соң астанаға жеттім-ау, әйтеуір.

Бізді Кеңшілік бір топ жерлес жігіт­термен бірге 2-Алматы вокзалынан қарсы алды. Сол күннен бастап Кеңшілік екеу­міздің іргеміз бір сәт бөлінген емес. Қаз­МУ-дің журналистер даярлайтын факуль­тетіне сырттай түсіп, баяғы балалық күн­дерімізді жастық жылдармен жалғас­тырдық.

Алматыдағы ауылдас ағаларымыз – сол кездің өзінде атынан ат үркетін атақты ақындар Ғафу, Сырбайға бірден бара ал­май, өзімізге өзі де, өлеңі де етене жақын Тұманбайды тауып алдық. Тұманбай Жазушылар одағына орналасқан баспада жұмыс істейді екен. Екеумізге де кезек-ке­зек өлең оқытып, әлгі жерде тәнті болды да қалды. – Осында атақты ақын ағаларың – Сырбай мен Ғафу бар, соларға сәлем бер­дің­дер ме? – деп сұрады. Біздің «бірден өзіңізге келдік» деген жауабымызды есті­ген­нен кейін, Тұмағаң орнынан тұрып, жазу столындағы қағаздарын жинастыра бастады. Көшеге шықтық. Тұратын үйі Жазушылар одағынан онша алыс емес екен. Әлі көз алдымда, екі қабат ағаш үй. Сон­дай үйлер сол арада қатар-қатар сап түзеген екен. Солардың біріне кірдік. Көне­ден келе жатқан ескі үй екенін біздің таң­ыр­қай қарағанымыздан бірден байқаған Тұмағаң:

– Бұл үйде баяғыда, ең алғаш Бейімбет Майлин тұрған. Одан кейін Мұхамеджан Қаратаев... – деп біраз әңгіменің басын қайырып тастады.

Үйде, шағын столда дәм дастарқаны дайын тұр. Үйінде бір емес екі анасы бар екен. Бірі  дастарханға сары бауырсақтарды төкті, екіншісі кәрлен кесемен қымыз ұсынып тұр. Біз жас болсақ та жатсынбай, үлкенге жасағандай ізет көрсетіп, дәм ұсынған қос анаға таңғалысымызды жасыра алмадық. Кеңшілік екеуміз осы сәттерді көпке дейін тамсана әңгімелеп жүрдік.

Тұманбай аға менің қырық жасқа келгенде жазған өлеңінде «Ең алғаш мені іздеп келгеніңмен, кейіннен ағаларыңды алдың тауып», – деп айтқан назы бар.

Айтса айтқандай, келе-келе Сырбай, Ғафу ағалардың қасынан табылып, ол кісілердің мерейтойларында, үй іші дастар­қан басында жиі араласып, дәм-тұз таты­сып, жанымыз жарасып кеткені рас еді.

Кеңшілік, ең бастысы, ақын еді. Ақын болғанда да, есімі үлкен әріппен жазылатын, ешкімге ұқсамайтын, текті де тентек ақын еді. Тектілікке тентектігі қосылғанда, ол тіпті онан сайын дараланып, тұлғаланып шыға келетін. Өзінің ұнатпаған адамы бол­са, одан ықпай, именбей, бірден тура бетке айтып тастайтын. Өлеңде де сондай өр мінез, кесіп айтып, кесек турайтын.

Өзінің бойына да, ойына да тән еркіндік пен еркелік өлеңінің әр сөзінен өрнек тартып, көзге ұрып тұратын.

Ал өлең оқыған кезде арқаланып кетуші еді. Кейбір кездесулерде, үлкен жиындарда тақырып аясында тарылып қалмай, өзінің жанына жақын өлеңдерін тартынбай оқи беретін.

Бірде ҚазМУ-дегі поэзия кешінде жетекші Сұлтанғали Садырбаевты әбден састырыпты.

Кеш «Лениннің 100 жылдығына» орай өтіп жатқан екен. Мен сол кезде ел жақта жүріп ол жиынға қатыса алмадым. Бірақ соның алдында Кеңшілік маған «Өгіз» деген өлеңін оқып берген болатын. Ол кезде Тұрсынзада Есімжановтың дүрілдеп тұрған кезі еді. Біз Кеңшілік екеуміз оның өлеңдерінің көбісін жатқа айтатынбыз. Бір күні сол кездегі басылымдардың бірінде Тұрсынзаданың «Өгіздер» деген өлеңі шықты. Кеңшілік маған «мен де өгіз туралы өлең жаздым» деп оқып берген. Асығыстау тыңдағаннан ба, сол өлеңі есімде қалмапты. Кейіннен кітабынан да кезіктіре алмадым. Сөйтіп, Кеңшілік «Лениннің» орнына «Өгіз­ді» оқыған ғой. Жұрт у-шу, қыран-топан. Студенттерге де керегі сол емес пе?! Кештің саяси жағы сұйылып бара жатқан соң, Сұлтанғали Садырбаев абдырап:

– Шырағым, Кеңшілік, Ке-кең-ші­лік! – деп қайта-қайта тоқтатпақ болған екен. Оған қарайтын Кеңшілік пе?!

Кеңшілік көбінесе осылай у-ду, шулы жерде жүретін. Және оны өзі де ұнатып, содан рахат табатын. Бұл да бір ақындық мінездің ерекшелігі болса керек. Содан ба, уақытымыздың көбін ресторан, кафеде өткізіп, көпшілік алдында өлең оқып, кіші­гірім поэзия кешін өткізіп жіберетін кез­дері­міз де көп болатын.

Кеңшіліктің талант қыры жан-жақты еді. Және соның бәрінде де оның биіктігі бірден аңғарылып тұратын. Мен оның тіліне қатты қызығатынмын. Ол айтқан сөздерді мен де білем. Елде бала жастан талай естіген сөздерім. Алайда Кеңшілік сол елден естіген есті сөздерді әңгіме, мақа­лаларында әдіптеп жеткізіп, әсерлі баян­дайтын. Көркемдік кестесін келістіріп, кірік­тіріп жіберетін.

Кеңшіліктің оқиғалы істері, әзіл-қал­жың­дары бірінен бірі асып жататын.

Торғайда Жүрген деген құрдас-дос жігітіміз болды. Кеңшілікке туыс, маған наға­шы болатын. Сол Жүргенге Кеңшілік былай депті:

 – Әй, Жүрген! Сен «Абай жолын» бір оқып көрші. Ал анау Тұрғынбеков «Абай жолын» әлі оқыған жоқ!

Мен бұл сөзді естіген соң ішек-сілем қатып күліп жатырмын.

Есіме Кеңшіліктің біздің үйде жатып бір жыл қызмет істегені түседі. Ол кезде «Жетісуда» істеп жүрді-ау деймін. Алақан­дай бөлмедегі жазу столына екеуміз сыйыса бермейміз. Бір жақсысы, Кеңшілік жазуды шамның жарығымен түнде жазады. Мен болсам, жазу столына таңертең ұйқымды әбден қандырып алып, шәй-пәйімді қанып ішкен соң түске таман отырамын. Түні бойы «Абай жолын» оқимын. Кейде Кең­шілік маған пейіл бөліп: «Әй, Тұрғынбеков, түні бойы кітап оқып миыңды қатырғанша, ұйықтасаңшы!» дейтін. Мен «Абай жолын» бетіме бүркеген күйі таңертең бір-ақ тұра­тын едім. Енді кеп Кеңшіліктің айтқаны – мынау.

Бұған күлмегенде не істерсің?! Шіркін, Кеңшіліктің мұндай қызық қылықтары көп болушы еді-ау. Біразын баспасөзге жария­ла­ған кездерім де болды.

ҚазМУ-ден бір кіріп, бір шығып ұзақ жыл оқыдық.

Бір күні Кеңшілік:

– Серік Сәрсенович (кейде әдейі солай сөйлейтін), сені құттықтаймын! – деді.

– Не үшін?

– Оқуда озық болғаның үшін.

– Сондай қалай?

– Мен ҚазМУ-де – 12 жыл, сен ба­қандай 13 жыл оқыпсың. Бір жыл болса да менен көп оқып, мықты білім алыпсың, – деп мысқылдайды ғой баяғы.

Сол ҚазМУ-ден алғашқы жылдары жиі шығып кетіп жүрдік. Сол Алматыда жүріп, қысқы сессияға қатысуға уақыт таппағаны­мызды айтсаңшы. «Қысқы сессияға қатыс­па­ды» деп оқудан шығарып жіберген қағаз келді екеумізге де.

Жазғы сессияға ілігу үшін әрекет жасап, деканатқа күнде барамыз. Маңына жолат­пайды. Сол кезде жауапты хатшы – Темір­бек Қожакеев. Кейін көп жылдар журфакта декан болып істеді ғой. Ол кезде Қожакеев­тің жап-жас жігіт кезі. Жалындап тұр. Жан­ына жолатар емес.

– Бар, бар! Торғайыңа барып жұмыс істеңдер, кейін келесіңдер! – дейді.

Сонымен, оқуға қайта түсе алмай пұш­ай­ман күйде жүргенде, бір күні ұстазымыз, елдес ағамыз, осы күнгі қайраткер-жазушы, журналист Әбілпейіз Ыдырысов кездесе кетті.

Хал-жайымызды сұрап білген соң, бізге ақыл берді:

– Сендер бүйтіп сенделіп жүре бермең­дер. Ректорға кіріңдер. Ректор – торғайлық Асқар Закарин деген кісі, парасатты, білім­ді адам. Көпті көрген, Отан соғысына қа­тысқан.

 Біз шошып кеттік:

– Ойбай, ректорға қалай кіреміз, декан­ат­тың өзіне жолатпайды?

– Есебін тауып кіріңдер. Кірсеңдер болды, еңселерің түсіп шықпайды, қалайда қабылданасыңдар, – дейді.

Ректордың кабинетінің алды ығы-жығы адамнан босамайды. Бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Кейде тіпті, қабылдау бөлмесіндегі былғары ұзын диванда кезек күтіп, қалғып-шұлғып отырған қарт кісілерді де көріп қаламыз. Біз сияқты «студенттерді» тіпті жолат­пайды. Осы тығырықтан Кеңшіліктің бір ауыз сөзі алып шықты. Есік алдындағы хатшы қызға:

– Қарындас, Торғайдан кісілер келіп тұр деп хабарлаңызшы, – деді.

Хатшы қыз зып етіп ішке кіріп кетті де, бөгелмей қайта шықты.

– Торғайдан келгендер, кіріңіздер! – деді. Сол сәтте қолына бума-бума қағаз ұстаған, папка көтерген екі-үш адам қабат­таса кіре берген. Біз де солардың қапта­лымен каби­нетке кіріп үлгердік. Ұзындығы атшаптырым кабинеттің түкпірінде ректор отыр екен. Бізбен бірге кірген кісілер қағаз­дарын сапы­рылыстырып көрсетіп жатты. Біз үлкен каби­неттің терезе жақ тұсында үш-төрт орындық тұр екен, соған жайғас­тық. Қағазды кісілер біршама алданып, өзара әңгімелесіп, асықпай шықты. Біз болсақ іргедегі үстел­дерде сол күйі отыра бердік. Ректор жалғыз қалды. Бізге мойын бұрып, көзін де салар емес. Бір кезде ректор көзін жұмып біраз ойланып отырды. Еңгез­ердей, зор тұлғалы кісі екен. Сәл сұсты­лау көрінді. Өзімен-өзі сәл ойланып отырды да, бір кезде үстелдегі кішкене түймедей «кноп­каны» басып қалды. Зың ете қалған дыбыспен ілесе әлгі хатшы қыз төбе көр­сетті.

– Қайда әлгі торғайлықтарың, қайда?!

– Хатшы қыз апалақтап, сасып қалып, кейін шегіне берді. Сол кезде іргеде отырған Кеңшілік:

– Торғайлықтар, біз боламыз! – десін. Ректор бізге еріксіз мойын бұрды. Басы-аяғы­мызға барлап қарады да: 

– Қайдан келген балақайсыңдар?

Екеуміз қосыла:

– Торғайдан. – Торғайдан! – дестік.

– Қане, айтыңдар, шаруаларыңды тезірек!

– Біз зуылдата жөнелдік.

– Торғайда аудандық газетте істеуші едік. Қыс қатты болды. Аудандық партия комитеті науқанға керексіңдер, – деп бізді оқуға жібермеді (Әбілпейіз аға тура осылай деңдер деген).

Жаттап алған сөзімізді зуылдатып айт­ып шықтық. Ректор бізге мойын бұрмастан:

– Е, қыс қатты болды деңдер. Торғайда 3-4 жылдан бері су тасымай елді титықтатып тастады деп еді, биыл қалай болды?

– Биыл су қатты тасыды.

– Ағыл-тегіл, – деп қосып қойды Кеңшілік. Ректор мойын бұрмаған қалпы, көзін жұмып, ойға батып, толғанып отырды да:

– Сонда Торғайдың қай тарабынан боласыңдар? – деді.

Мен:

– Тосыннан! – дедім.

Кеңшілік:

– Қызбелденмін! – десін. (Қызбел Закириннің туған ауылы. Соны білген Кең­шілік әдейі айтып отыр). Ректор бізге мой­ын бұрды. Кеңшілікке қарап: – Қызбелде кімнің баласысың? – деді. Кеңшілік Қыз­белде болмаған. Мүдіріп қалды. Мен аудан­дық газеттің тілшісі ретінде Қызбелде талай рет болғам. Сөзге мен араластым:

– Бұл Мұхтар Дәуеновтің баласы. (Ферма меңгерушісі. Қызбелге барғанда осы кісінің үйінде жатқанмын).

– Мұхтар, Мұхтар! – деп ректор бізге тағы да мойын бұрып. – Мұхтар Дәуенов, иә, ол бізге нағашы, ол да соғысқа аттанып еді, е, аман екен ғой...

– Иә, аман, жақсы жүріп жатыр.

Ректор түймедей «кнопканы» қайта басты. Хатшы қыз кірді.

– Шақыр, әлгі Қожекеевті.

Кеңшілік екеумізде зәре қалмады. Қазір ол бізді жамандайды. Кешікпей-ақ кіріп келді. Ректор кабинетінде отырған бізді көріп Қожакеевтің көзі атыздай боп кетті. Бірақ сыр білдірмеді. Ректордың алдына барып отыра қалмай Қожакеев қаздиып түрегеп тұрды. Нәтінде асықпай сөйлейтін Асқар Закарин сөзді баяу бастап:

– Мына балалар менің туған жерімнің балапандары екен. Біздің ел шалғай ғой. Сонау Торғайдан жеткенше қысқы сессияға үлгіре алмай қалыпты. Оқудан шығарып жіберіпсіңдер. Енді осы балалардың оқуын қайтадан восстановить етіңдер! – деді.

Қожакеев ыршып түсті:

 – Мен бұл балаларды жақсы білемін. Өздері өлең жазады. Анау үлкен ақындарға еріп, ресторанның маңынан шықпайды. Осы қулар қысқы сессия кезінде де осы Алматы­да болды-ау деймін...

Біз жамырай сөйлеп:

– Жоқ, Торғайда болдық.

– Торғайдан жақында ғана келдік, – деп жатырмыз.

Қожакеев бізге қарап басын шайқады.

Ректор тағы сол жай сөйлеген қалпын бұзбастан:

– Тыңда, Темірбек, бұлар қалай болған­да да шалғай алыс ауданнан келіп тұр ғой. Бір тәужімін жаса! – деді. Қипалақтап қал­ған Қожакеев:

– Тізімді бекітіп жібердік қой, – деп қалды.

– Ештеңе етпес, маған қайта әкел.

Қожакеев бізге зілдене бір қарады да, зып етіп шығып кетті.

Отырып қалған бізге Закарин:

– Бар, барыңдар енді! – деді.

Ызаланып барған Қожакеевтің кабине­тіне батылымыз барып кіре алсақшы. Бірша­ма төңіректеп жүріп қалдық. Бір кезде Кеңшілік:

– Әйда кеттік! – деді.

– Қайда?

– Ресторанға.

– Не үшін?

– Оқуға түскеніміз үшін.

– Қайдағы түскен?

– Ректор айтқан соң, олардың орын­дамауға қақысы жоқ! Өздері шақыртып алады!

Ақыры Кеңшіліктің айтқаны келді. Бұл ҚазМУ-де алғашқы шыққан кездегі оқиға еді. Одан кейін, талай шығып, талай кірдік қой.

Айта берсе, Кеңшілік туралы әңгіме ешқашан толастамас еді.

Мен Кеңшіліктің азаматтығы мен ақын­дығы жайлы, өзі өмірден өткеннен кейін біраз басылымдарда ой толғаппын. Солардың бірінде былай деген екем: «Көзінің тірі кезінде де Кеңшілік өз тұрғы­ластарымен салыстырғанда кітап шығару­дан кенже қалып, кенделік көрген емес. Замананың зардапты қайшылықтарына килігіп, қайшыға іліккен бірен-саран өлең­дері болмаса, жалпы, сол кездің өзінде оқыр­­ман ілтипатына іліккен Кеңшілік жырлары көп аса қиянат көрмей, қайшыға түспей, оқырманына түгел жетіп жатты. Қашанда кең сілтеп, кемел тыныстайтын. Кеңшіліктің әдеби сыннан да «әттеген-айы» аз болса керек».

Ақын үшін ең басты бақыт – оқырман­ның ыстық ықыласына бөлену. Кеңшілік – осы бақытқа көзінің тірісінде ие болған санаулы саңлақтардың бірі.

Кеңшілік өзінің туған күні 6 маусымды дәлел етіп «Пушкин екеуміз бір күнде дүние­ге келіппіз» деп мақтана сөйлейтін. Айтса айтқандай, Кеңшілік 1946 жылы 6 маусымда Ақшығанақ ауылына жақын, Торғай өзенінің бойындағы «Ешқырған» («Ешкі қырылған» деген сөз ғой) деген жерде дүниеге келген.

Егер тірі болса, Кеңшілік те 80-ге тол­ып, тойын тойлап жатар еді. Әйтсе де, оның мәңгілік ғұмыры – артында қалған қазыналы шығармалары тірі күніндегідей талай тойдан артық және мәңгілік екені даусыз.

Кеңшілік туралы толғанысымды өлеңмен түйіндегім келіп отыр. Ол тірі бол­ғанда бұл өлеңім бәлкім, мақтау-мадақ­қа тола болар ма еді, енді міне, жаз­ған жырым мұңлы сырға қарай бейімделе берді:

Ақсұңқардай сағат сайын түлеген,

Ақын едің аузын айға білеген.

Зарланады көңілімнің гөй-гөйі,

Арналады тағы саған бұл өлең.

 

Бауырым ең.

Бала болып бірге өскен,

Тәуірім ең,

Дана болып тілдескен.

Жұлдыздарын бірге санап

Аспанның,

Асық атып,

Асау тайға мінгескен.

 

Көңіл қалмай

Аққудан да, тотыдан

Махаббаттың өлең ұрлап отынан.

Құрдасым ең,

Қалжыңдасып қағысқан,

Сырласым ең,

Бір сыныпта оқыған.

 

Бал шараптың кермек дәмін татысып,

Ашық күнде шығушы едік шатысып.

Алматыда алшаң басып жүрдік қой,

Алатаудың ақ жамбысын атысып.

 

Талай жерге жете білген батылы,

Қаз дауысты –

Қазағымның ақыны.

Биік қырға бірге шыға бергенде,

Мені тастап кете бардың ақыры.

 

Көнбеуші едің жетекке де, қамытқа.

Неге қидың, неге сыйдың табытқа.

Өзің барып жатып алып жұмаққа,

Мені тастап кете бардың тамұққа.

 

Бүгін дүние,

Алас-күлес қарбалас.

Заман туды,

Жоққа – көнбіс,

Барға – мас.

Баяғыдай майлы сүйек кемірмей,

Қорегіміз – шеттен келген арзан ас.

 

Байқағаным –

Маған тықыр тақады.

Шалға айналдым, жып-жылмағай 

сақалы.

Баяғыдай айта алмаймын әніңді,

«Бурылтайдың» бұзылған соң мақамы.

 

Баяғының әуені – жат, күйі – жат.

Сен жатырсың жақсыларды жиып ап...

Жердің бәрі кеткеннен соң сатылып,

Төрден орын алып жүрген досыңа,

Көрден орын бұйыра ма?..

Қиын-ақ!

 

Ақын досым!

Жан сырымды білдің бе?

Арулар аз, ұсынамын гүл кімге?!

Алашапқын жанталасқан заманда,

Өлуге де уақыт жоқ бұл күнде!

 

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ