Украина дрондары Ресейдің әскери-теңіз базасы мен мұнай базасына соққы жасады – Зеленский

Украина Қарулы күштерінің Арнайы операциялар күштері де Кронштадттағы Балтық флотының әскери-теңіз базасына соққы жасалғанын хабарлады

Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәліметінше, түнде украиналық дрондар Ресей аумағындағы бірнеше нысанға соққы жасаған. Оның айтуынша, дрондар Санкт-Петербург өңіріне дейін шамамен 1000 шақырым қашықтықты еңсеріп, Ресей Әскери-теңіз флотының арсеналдары мен Кронштадттағы базаға жеткен.

Сонымен қатар Краснодар өлкесіндегі мұнай базасына да соққы жасалған. Зеленский бұл шабуылды Украина Қарулы күштері, Қауіпсіздік қызметі және Бас барлау басқармасының бірлескен жұмысының нәтижесі деп атады.

Украина президенті Ресей аумағындағы мұндай соққыларды Мәскеудің соғысты жалғастыруымен байланыстырды. Оның сөзінше, Украинаға қарсы әділетсіз әрекеттер жауапсыз қалмайды.

Украина Қарулы күштерінің Арнайы операциялар күштері де Кронштадттағы Балтық флотының әскери-теңіз базасына соққы жасалғанын хабарлады. Мәліметке қарағанда, бірнеше дрон нысанаға жетіп, база аумағында өрт шыққан.

Арнайы операциялар күштері Кронштадт базасында әскери кемелер, суасты қайықтары, оқу орталықтары, жөндеу және кеме жасау нысандары орналасқанын атап өтті.