Дана Уайт пен UFC құрған бокс ұйымында Қазақстан алғашқы жеңісіне қол жеткізді

35 жастағы Иван Дычконың қарсыласы 30 жастағы Харви Дайкс болды

Қазақстандық аса ауыр салмақтағы боксшы Иван Дычко Zuffa Boxing промоушеніндегі алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті.

Бұл — UFC басшысы Дана Уайттың бокстағы жобасында қазақстандық спортшының алғашқы жеңісі.

Жекпе-жек Ұлыбританияның Борнмут қаласында өтті. Бұл Zuffa Boxing үшін АҚШ-тан тыс жерде ұйымдастырылған алғашқы шоу болды.

35 жастағы Иван Дычконың қарсыласы 30 жастағы Харви Дайкс болды. Британдық боксшы бұған дейін кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген еді. Оның рекорды — 7-0-1 болатын. Сонымен қатар Дайкс әуесқой бокста Англия чемпионы атанған.

Дычко кездесуді белсенді бастады. Бірінші раундта ол қарсыласын нокдаунға түсірді. Алайда жекпе-жек толық қашықтыққа созылды. Төрешілер шешімімен жеңіс Иван Дычкоға берілді. Есеп: 97-92, 94-95, 97-92.

 

Осылайша Иван Дычко кәсіпқой бокстағы 16-жеңісіне қол жеткізді. Оның қазіргі рекорды — 16 жеңіс, 1 жеңіліс, 14 нокаут.