Алматының Алмалы ауданында автокөлікті қайта сату кезінде жасалған қарақшылық шабуылдың беті жедел ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Полицияның алдын ала мәліметінше, екі азамат автокөлік саудасының шарттарын талқылау үшін кездескен. Бірақ келіссөз барысында араларында жанжал туындап, оқиға ауыр қылмысқа ұласқан.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті жәбірленушінің банк картасында қомақты қаражат бар екенін білгеннен кейін оған пышақ жарақатын салып, автокөлігін иемденіп кеткен. Зардап шеккен азамат дереу ауруханаға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілді.
Оқиға туралы хабар түскен бойда Алматы қаласында «Ұстау» арнайы жоспары енгізіліп, барлық патрульдік жасаққа күдіктіні анықтау және ұрланған көлікті іздестіру тапсырылды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті қысқа уақыт ішінде анықталып, Райымбек даңғылы бойында қолға түсті. Одан іске қатысты заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.