Қызылордада жоғалып кеткен 6 жасар қызды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Алдын ала мәлімет бойынша, Медина Мұратбекқызы 5 маусым күні сағат 18:30 шамасында қаланың «Рисмаш» шағынауданындағы Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан бөгет маңына ойнауға шығып, содан бері үйіне оралмаған.
Полицияның хабарлауынша, қыздың бойы 110-120 сантиметр, дене бітімі арық, шашы қара әрі иығына дейін жетеді, көзі қоңыр. Жоғалған кезде үстінде ашық жасыл түсті гүлді футболка, ақ түсті шорты болған. Аяғында көк түсті сүйретпе аяқ киім киген.
Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, еріктілер, туыстары және жергілікті тұрғындар жұмылдырылған. Сонымен қатар арнайы із кесуші иттер, дрондар мен сүңгуірлер тартылып, жедел іздестіру топтары құрылған.
Қыз баланың фотосуреті мен жеке белгілері туралы ақпарат барлық тиісті аумақтарға таратылған.
Полиция Медина Мұратбекқызының жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды дереу 102 нөміріне хабарласуға шақырды.