«Анамыздан да, үйімізден де айырылдық»: Ақтөбедегі газ жарылысынан кейін отбасы әділдік іздейді

Қайғылы оқиға 26 мамыр күні кешкі уақытта болған.

Ақтөбеде газ жарылысынан 58 жастағы әйел қаза тауып, отбасы баспанасыз қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қайғылы оқиға 26 мамыр күні кешкі уақытта болған.

Марқұм сол күні үйіне киім ауыстыру үшін кірген. Алайда бірнеше секундтан кейін болған жарылыс үйді күл-талқан етіп, әйелді үйінді астында қалдырған. Жақындарының айтуынша, ол есіктен кірген бойда қаза тапқан.

Жарылыстың күшті болғаны соншалық, жүз шаршы метр аумақ қирап, көрші үйлердің терезелері мен шатырларына зақым келген. Қақпа алдында тұрған көлік те жарамсыз күйге түскен.

Марқұмның ұлы оқиға алдында маңайдағы үйлерде газдың шығуына байланысты мамандар тексеру жүргізгенін айтып, газ қызметінің әрекетіне күмән келтіретінін жеткізді. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Полиция бірнеше сараптама тағайындалғанын, олардың қорытындысы негізінде заңды шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Бүгінде әжеден айырылған немерелер, жұмыссыз әке мен оның отбасы туыстарының үйін паналап жүр. Қайғыдан қан жұтқан отбасы әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілер анықталады деп үміттенеді.