Қазақстанда салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алуға арналған жаңа өңірлік ипотекалық бағдарлама – «Орда Аймақ Плюс» іске қосылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бағдарламаның операторы – Қазақстан тұрғын үй компаниясы.
Бағдарлама аясында ипотекалық несие мөлшерлемесі жылдық 10,9%-дан 14,9%-ға дейін белгіленген. Ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 11,7%-дан 16,2%-ға дейін жетеді. Бастапқы жарна кемінде 20%-ды құрайды.
Несие сомасы 75 млн теңгеге дейін беріліп, өтеу мерзімі 20 жылға дейін созылады. Бағдарламаның басты артықшылықтарының бірі – қоса қарыз алушыларды тарту мүмкіндігі. Сондай-ақ қосымша кепілзат талап етілмейді, кепіл ретінде сатып алынатын пәтердің өзі рәсімделеді.
«Орда Аймақ Плюс» бағдарламасы бастапқы тұрғын үй нарығына бағытталған және Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі берілген жаңа тұрғын үй жобаларына қолданылады.
Қазіргі уақытта бағдарлама арқылы Prestige тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алуға мүмкіндік бар. Компания мәліметінше, алдағы уақытта бағдарламаға еліміздің өзге өңірлеріндегі тұрғын үй кешендері де қосылады.
Айта кетейік, Қазақстан тұрғын үй компаниясы – елдегі тұрғын үй құрылығы саласының бірыңғай операторы. Компания «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің құрамына кіреді.