Украинада ұрыс даласы дрон операторлары үшін барған сайын қауіпті бола түскендіктен, кейбір өндірушілер оларды майдан шебінен алысырақ орналастыру жолын қарастырып жатыр. Бұл туралы Business Insider украиналық дрон өндіруші Skyfall компаниясының өкіліне сілтеме жасап жазды.
Басылым дерегінше, жаңа тәсіл арқылы операторлар дрондарды жүздеген, тіпті мыңдаған шақырым қашықтан басқара алады. Мұндай мүмкіндік спутниктік интернет арқылы жүзеге асады. Украина тарапының айтуынша, бұл операторлардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, өйткені майдандағы дрон ұшқыштары жиі шабуыл нысанасына айналады.
Украиналық Wild Hornets компаниясы Sting атты дрон-перехватчикті қашықтан басқару технологиясын дамытып жатыр. Компания өкілдері болашақта мұндай дрондарды басқа елден ғана емес, тіпті басқа құрлықтан басқару мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқан. Украина Қорғаныс министрлігі өкілдерінің сөзінше, мұндай жүйе шектеулі операторлар тобын қауіпсіз жерде орналастырып, Ресейдің шабуылдаушы дрондарына қарсы әрекет етуге мүмкіндік береді.