Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында берген тапсырмасына сәйкес, Үкімет тарапынан егіс науқандарын ерте қаржыландыру тетігі енгізілді. Бұл механизм егіншілерге қажетті қаржы ресурстарын алдын ала тартуға, тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары мен техниканы ең тиімді бағамен уақытылы сатып алуға, сондай-ақ егіс жұмыстарын жүргізуге сапалы дайындалуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің маусымдық баға өсіміне тәуелділігі төмендейді, егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде өткізу қамтамасыз етіліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы, 2026 жылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жылдық 5% жеңілдікпен қаржыландыру үшін 750 млрд теңге бөлу жоспарланған, 2025 жылы да осы көлемде қаржы бөлініп, 8,5 млн гектарға егін егілген болатын. Осы желі бойынша 4,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жалпы сомасы 573 млрд теңгеге қаржыландырылды, бұл 6,8 млн гектардан астам алқапта егін егуге мүмкіндік берді.
Кепіл базасы жеткіліксіз фермерлер үшін қарыз сомасының 85%-ы мөлшерінде мемлекеттік кепілдік беру бағдарламасының енгізілгені негізгі көмек болды. 2025 жылы осы құрал аясында 283 млрд теңге несие сомасына 1 633 кепілдік берілді. 2026 жылы республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 16 млрд теңге қарастырылды: науқан аясында 273 млрд теңге көлеміндегі несиеге 1 733 кепілдік берілді.
Қаражатты фермерлерге дейін жеткізу енді операторлардың кең ауқымды желісі арқылы жүзеге асырылады, олар:
Аграрлық несие корпорациясы (АНК);
Екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ);
микроқаржы ұйымдары (МҚҰ);
өңірлік инвестициялық орталықтар (ӨИО),
кредиттік серіктестіктер (КС);
әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК).