Қызылорда қаласында із-түзсіз жоғалған 6 жастағы Медина Мұратбекқызының денесі табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық Полиция департаменті таратқан алдын ала мәліметке қарағанда, жасөспірімнің денесі «Әйтек» су торабынан ағыспен төмен қарай шамамен 30 шақырым жерден анықталған. Мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
Марқұм Медина Мұратбекқызы 5 маусым күні жоғалған. Ол кешкі уақытта Рисмаш ауданындағы Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан бөгет аумағына ойнауға шығып, үйіне оралмаған. Оны іздестіру жұмысына полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары,Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, еріктілер, туыстары және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.
Іздестіру шаралары бірнеше күн бойы арнайы техника, дрондар, із кесуші иттер мен сүңгуірлердің қатысуымен жүргізілді. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Бұған дейін біз марқұмның жоғалғаны жайлы жазған болатынбыз.