Еліміз бойынша CVK қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру еліміздің бірден 14 өңірінде жүргізіліп жатыр.

Қаржылық мониторинг агенттігі  CVK қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Агрессивті өңірлік маркетинг пен ауқымды жарнамалық науқанның нәтижесінде ұйымдастырушылар заңсыз схемаға шамамен 1,5 мың салымшыны тартқан.

"Жоба өзін маркетплейс ретінде таныстырып, қатысушыларға тұрақты табыс әкелетін түрлі инвестициялық "дүкен" пакеттерін сатып алу ұсынылған. Сауда қызметін имитациялау мақсатында жеке кабинетте шын мәнінде болмаған тауарларға қатысты орындалған тапсырыстар мен жеткізілімдер көрсетіліп, сол үшін виртуалды сыйақылар есептелген. Негізгі назар реферальдық жүйеге аударылған: қатысушыларға жаңа салымшыларды тартқаны үшін  ақшалай бонустар мен бағалы сыйлықтар уәде етілген. Ақша қаражатын шығару криптовалюталық платформа арқылы жүзеге асырылып, кейін банктік шоттарға аударылған. Агенттіктің жедел шаралары нәтижесінде 474 мың USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды", делінген ақпаратта.

Оған қоса, жоба ілгерілету мақсатында жабық үгіт-насихат кештері, кеңселердің салтанатты ашылу рәсімдері және жаппай таныстырылымдар өткізілген. Аталған іс-шаралар әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып, халықтың сенімін қалыптастыру құралы ретінде пайдаланылған.