Германияда Facebook қолданушылары канцлер Мерцті қорлағаны үшін айыппұл арқалады

Олардың бірі саясаткерді Lügenfritz, яғни «өтірікші Фриц» деп атаған.

Германия соты Facebook желісінде федералдық канцлер Фридрих Мерцтің атына қорлайтын пікір жазған екі қолданушыға салынған айыппұлды заңды деп таныды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Олардың бірі саясаткерді  Lügenfritz, яғни «өтірікші Фриц» деп атаған. Эринген қаласының соты оған 30 күндік мөлшерлеме көлемінде айыппұл салды. Бұл шамамен бір айлық табысқа тең және 2 мың еуродан асуы мүмкін. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Тағы бір қолданушы  Ftzn Frieder  деген дөрекі лақап ат қолданғаны үшін осындай айыппұл алды.

Жалпы, Хайльбронн прокуратурасы 39 пікірді қараған. Оның 15-і бойынша іс тоқтатылды, қалғандары басқа ведомстволарға жолданған немесе әлі қаралып жатыр.

Бұған Мерцтің Хайльброннға сапары кезінде ұшуға тыйым салынғаны туралы полицияның Facebook-тегі жазбасы себеп болған. Пікір қалдырғандар Германия Қылмыстық кодексінің 188-параграфы бойынша жауапқа тартылды. Бұл бап саясаткерлерге қатысты қорлау мен жала жабу үшін жауапкершілікті көздейді.