Үш адамның өмірін қиған әл-Фараби даңғылындағы ірі жол-көлік апатына қатысты сот процесінде үшінші марқұм Томирис Қыдырбектің отбасы сотталушы Александр Пакты кешіргенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Резонанс тудырған іс бойынша алдын ала тыңдалымда-ақ Александр Пак өз кінәсін мойындап, қаза болғандардың туыстарынан кешірім сұраған болатын. Бұған дейін өткен сот отырысында жәбірленушілер Елман мен Құмардың туыстары да сотталушыны кешіргендерін айтып, оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұраған еді. Сондай-ақ олар моральдық шығын толық өтелгенін және Пакқа қатысты ешқандай талап-арыздары жоқ екенін жеткізді.
Сот процесі ашық форматта өтіп жатыр. Алайда сотталушы денсаулық жағдайына байланысты отырыстарға онлайн қатысуда. Оның айтуынша, жол апатынан кейін алған аяқ жарақаты еркін жүріп-тұруына кедергі келтіреді. Өткен сот отырысында жәбірленуші тарап та сотқа онлайн қосылуды жөн көрген.
Кезекті сот отырысында апат болған күні Александр Пакпен бірге мейрамханада болған куәгер Адам Мархиев жауап берді.
– Біз сол күні «Афанасич» мейрамханасында кездесіп, түнгі 12-ге дейін отырдық. Пактың нақты не тапсырыс бергені есімде жоқ. Кейін әркім өз үйіне тарады. Мен таксимен кеттім. Өзім алкоголь ішкен жоқпын және дастарқан үстінде алкоголь көрмедім. Жол апаты туралы келесі күні әлеуметтік желіден білдім. Александр Пак – сабырлы, жақсы жігіт, – деді куәгер.
Алайда судья мейрамханадан алынған түбіртекте алкогольді ішімдіктер көрсетілгенін атап өтті. Бұған жауап ретінде куәгер өз көзімен ешқандай алкоголь көрмегенін, ал ішімдікке тапсырыс оның кетіп қалғанынан кейін берілуі мүмкін екенін айтты.
Сотта сондай-ақ Томирис Қыдырбектің анасы сөз сөйлеп, Александр Пакқа қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізді.
– Мен Александр Пакты кешірдім. Қазіргі уақытта оған қатысты ешқандай талап-арызым жоқ. Ол барлық шығынды өтеп берді. Сондықтан оған бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмаса екен деймін. Екі тарап толық татуласты, – деді марқұмның анасы.
Отырыста куәгер ретінде жауап берген Әйгерім Әбдірайымованың айтуынша, ол Александр Пакпен сол кеште алғаш рет танысқан.
– Мейрамханаға шамамен кешкі алтыда бардым. Мені құрбым шақырған болатын. Екеуміз алкогольді сусынға тапсырыс бердік. Алайда қалғандарының ішімдік ішкенін көрген жоқпын. Мен ол жерде ұзақ отырмадым, шамамен бір жарым сағаттан кейін кетіп қалдым. Александр Пакты да, басқа адамдарды да бұрын танымайтынмын. Оның үстіне, олардың әңгімесі маған ұнамады. Сондықтан такси шақырып, жалғыз өзім кетіп қалдым. Пактың ішімдік ішкенін көрген емеспін, – деді куәгер.
Қазіргі уақытта сот отырысында өзге де куәгерлерден жауап алу жалғасып жатыр.
Еске салайық, қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні әәл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған. Тергеу мәліметінше, Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында қаза тапқан.