Сахнада балағат сөз айтқан рэпер Nurik Smit әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Видеодан әншінің өнер көрсету кезінде әдепсіз сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны байқалады.

Nurik Smit лақап атымен танымал әнші Нұрғиса Әнуарбеков қоғамдық орында балағат сөз айтқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Алматы қаласындағы ойын-сауық орындарының бірінде түсірілген бейнежазбаны анықтаған. Видеодан әншінің өнер көрсету кезінде әдепсіз сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны байқалады.

Алматы қалалық Полиция департаменті жариялаған кадрларда әншінің полиция бөлімшесіне жеткізілгені көрсетілген.

Құқық қорғау органдары бұл әрекетті ұсақ бұзақылық ретінде бағалады. Сот шешімімен Нұрғиса Әнуарбековке 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл салынды.