Жамбыл облысында полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында ірі көлемдегі мал ұрлығының беті ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, Байзақ ауданындағы шаруа қожалығының қорасынан бірнеше рет мал ұрланып, жалпы саны 72 бас қой қолды болған. Келтірілген шығын көлемі айтарлықтай болғандықтан, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің мал ұрлығы бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жедел шаралар нәтижесінде қылмысқа қатысы бар деген күдікпен үш ер адам ұсталды. Олардың бірі бұрын осы шаруашылықта қойшы болып жұмыс істеген және қораның орналасуы мен мал бағу тәртібін жақсы білген.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасуда.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Жамбыл облысында мал ұрлығына қатысты 18 қылмыс ашылып, 32 адам ұсталған. Сондай-ақ жедел жұмыстардың нәтижесінде мал ұрлаумен айналысқан 10 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылған.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды мал қораларының қауіпсіздігін күшейтуге, мүлікке жауапкершілікпен қарауға және құқықбұзушылық фактілері туралы дер кезінде полицияға хабарлауға шақырды.