Ақтөбеде жер телімін арзанға сатамын деген алаяқ 5 миллион теңгеден астам ақша жымқырды

Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер 37 жастағы күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді.

Ақтөбе облысында тұрғындарды жер телімін төмен бағамен алып беремін деп алдаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы облыстық Полиция департаменті мәлімдеді.

Алдымен полицияға Мәртөк ауданының тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, белгісіз ер адам облыс орталығынан жер телімін арзан бағаға сатып әперуге уәде беріп, ақша алған. Алайда уәдесін орындамаған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер 37 жастағы күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді.

– Тексеру кезінде күдіктінің меншігінде ешқандай жер телімі болмағаны және оларды сатуға құқығы жоқ екені анықталды. Соған қарамастан ол азаматтарға тартымды бағамен жер телімін ұсынатынын айтып, сенімдеріне кірген. Ақшаны алғаннан кейін өз міндеттемелерін орындамаған, – деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Тергеу барысында күдіктінің осыған ұқсас тағы үш алаяқтық дерегіне қатысы бар екені белгілі болды. Алдын ала есеп бойынша жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 5 миллион теңгеден асады.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта полицейлер күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.