6000 вольттық электр бағанына шыққан жасөспірімді тоқ соғып, реанимацияға түсті

Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім 6000 вольт кернеуі бар электр беру желісінің металл тірегіне шығып кеткен.

Соның салдарынан ол ауыр электр жарақатын алып, биіктіктен құлаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі шақырылып, жеткіншек шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқастың жағдайы ауыр.

– Дәрігерлер баланың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде жатыр. Науқасқа барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде, – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, электр беру желісінің тірегі балалар ойын алаңының маңында орналасқан. Осыған байланысты тұрғындар қауіпсіздік мәселесін көтеріп, нысанның орналасуына алаңдаушылық білдіруде.

Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған оқиға бойынша дене жарақатын алу дерегі тіркелген.

– Материалдар қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын анықтау үшін Қарағанды облысы бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жолданды, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.