Ақтөбеден Алматыға бағыт алған пойызда жас студент қызға тиіскен 70 жастағы ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуге міндеттелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға 14 мамыр күні №34 «Ақтөбе – Алматы» бағытындағы пойызда болған. Зардап шеккен қыздың айтуынша, түнгі уақытта төменгі орында ұйықтап жатқан кезде бейтаныс ер адам оған қол жүгірткен.
– Түнгі сағат 03:10-03:20 шамасында ұйықтап жатсам, әлгі кісі кеудеме қолын қойып тұр екен. Шошып оянып, «Не істеп жатырсыз?» дегенімде, ол кешірім сұрап, теріс қарап жатып қалды. Кейін дәретханаға кеткен соң жағдайды жанындағы әйелге айттым. Алайда ол мені қолдаудың орнына басқа жауап берді. Біраз уақыттан кейін әлгі ер адам станциядан түсіп кетіп, қашып кетті, – деп жазды студент әлеуметтік желіде.
Қыздың сөзінше, бейнежазбадағы әйел ер адамның пойыздан түсіп кетуіне көмектескен болуы мүмкін.
Кейін әкімшілік сот отырысы онлайн форматта өтіп, ер адам кінәлі деп танылды. Сот шешімімен оған шамамен 80-85 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
– Осы оқиғадан кейін бірнеше күн бойы ұйықтай алмадым. Өзімді жайсыз сезіндім. Егер менің орнымда кішкентай қыз болғанда не болар еді? – деді студент.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, оқиға туралы хабар түскен бойда пойыз бригадасы қажетті шараларды қабылдап, желілік полиция қызметкерлерімен байланысқа шыққан.
Түлкібас станциясында жолаушыдан ресми арыз қабылданып, материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылған. Ал ер адам Луговая станциясында өз еркімен пойыздан түсіп қалғанымен, кейін полиция қызметкерлері тарапынан ұсталған.
Компания өкілдерінің айтуынша, пойыз бригадасы белгіленген тәртіпке сай әрекет етіп, ақпаратты дер кезінде құқық қорғау органдарына жеткізген.