Сенат жұмыс жоспарын талқылады

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен бюро отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясындағы Сенаттың жұмыс жоспарын талқылап, 11 маусымға жоспарланған палата отырысының күн тәртібін айқындады.

Сенат Спикері атап өткендей, 1 шілдеден бастап мемлекеттілікті нығайтуға және азамат­тардың әл-ауқатын арттыруға бағыт­талған жаңа Конституция күшіне енеді. Осы ауқымды өзгерістерді табысты жүзеге асыру үшін Мәулен Әшімбаев қазақстандық­тарды Әділетті Қазақстан құру жолында Мемлекет басшысының реформалар бағыты төңірегіне топтасып, бірлік танытуға шақырды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды жаңғыртулар жүзеге асырылуда. Соның аясында жаңа Конституциямыз қабылданып, Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Басты мақсат – Тәуелсіздігімізді нығайту, мемлекеттілігімізді күшейту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Көздеген мақсатқа жету үшін реформа­лардың жүйелі әрі мақсатты түрде жүргізілуін қам­тамасыз етуіміз қажет. Бұл жолда ұлт болып ұйысып, елдік пен ауызбіршіліктің озық үлгісін көрсету айрықша мәнге ие. Сондықтан осындай тағдыршешті сәтте Мемлекет басшысының саяси бағдарының айналасында топтасу аса маңызды», – деді палата Төрағасы.

Сонымен қатар бюро мүшелері алдағы палата отырысында «Қазақстан Респуб­ликасының жаңа Конституциясын қабыл­дауға байланысты рақым­шылық жасау туралы» заңды, сондай-ақ оған ілеспе «Атқару­шылық іс жүргізу және сот орындау­шы­ларының мәртебесі туралы» заңға Қазақ­стан Республикасы жаңа Консти­туциясының қабыл­дануына байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексіне ҚР жаңа Конституциясының қабылдануына бай­ланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарау туралы шешім қабылдады.

Күн тәртібіне сондай-ақ бірқатар халықаралық келісімді ратификациялау, газбен жабдықтау және электр энергетикасы, цифрландыру және дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы мен көліктегі озық технологияларды реттеу, жануарлар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы, сондай-ақ ара шаруашылығы мәселелеріне қатысты салалық заңдарды қарау енгізілді.

Атап айтқанда, сенаторлар бастамашы болған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет­шілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мә­селелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң әскери қызмет­шілердің әлеуметтік және құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар түзетуді қамтиды. Атап айтқанда, Қарулы Күштер мен Шекара қызметінің әскери қызметшілеріне төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, терроризмге қарсы опе­рацияларға қатысқан кезде және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету барысында ақшалай үлесті үш еселенген мөлшерде төлеу көзделген.

Елдегі телекоммуникациялар нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын одан әрі дамытуға, байланыс қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған келесі құжат – «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне теле­коммуни­кациялар на­ рығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң.

Отырыс барысында депутаттар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған заңдарды тұрақты комитеттер арасында бөліп қарау мәселесін де талқылады.