Осыдан бес жыл бұрын бастау алған Beu Fest қазір Қазақстанның мәдени кеңістігіндегі айрықша жобалардың біріне айналып үлгерді. Бұл аралықта фестиваль жаңа есімдердің жұлдызын жағып қана қоймай, алыс-жақын шетелден келген қонақтардың қызығушылығына ие болды. Аталмыш жобаның тағы бір ерекшелігі – радио мен жанды музыканың үйлесімі. Биылғы мерейтойлық кеште көрермен сүйікті әндерін жанды дауыста тыңдап, заманауи шоу элементтеріне куә болды.
– Осы жолы Beu Fest жобасын бес жылдық мерейтойына орай мүлде жаңа деңгейде өткізуге тырыстық. Мықты музыкалық құрамды жинаумен шектелмей, қазіргі қазақстандық музыканың қаншалықты ауқымды, алуан түрлі әрі қуатты екенін көрсеткіміз келді. Біздің идеямызды қолдаған көрерменге, өнерпаздарға, серіктестерімізге және Beu FM радиосының тыңдармандарына зор алғысымызды білдіреміз. Бұл – бәріміздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі және үлкен мәдени мереке, – деді Beu Fest фестивалінің ұйымдастыру комитеті.
Сондай-ақ биылғы фестивальде түрлі музыкалық жанрлар мен буын өкілдері бір сахнада тоғысты. Кеште заманауи музыканың көшін бастап жүрген орындаушылар мен эстраданың танымал тұлғалары өнер көрсетті. Көрермен Ninety One, Қайрат Нұртас, Shiza, ALEM, Yenlik, M'Dee, Ayau, Жанар Дұғалова, Bonapart, Ulukmanapo және Мирбек Атабеков сынды сахна жұлдыздарының әндерін қосыла шырқады.
Beu Fest – Алматы қаласының креативті индустриясын дамытуға ықпал ететін негізгі мәдени жобаның бірі. Фестиваль қазірдің өзінде шығармашылық индустрия өкілдерінің кәсіби байланыстар орнатуына, аудиторияның мәдени талғамын қалыптастыруға серпін беріп отыр. Әсіресе, жоба бүгінге дейін халыққа жас таланттарды таныстыру дәстүрін жалғастырып келеді. Бұл жолы тыңдарман SALSERI, DIDAR TOLEGEN, ASTRA, UMAY, сондай-ақ Beckth & Tibo сынды дебютанттардың өнеріне куә болды. Халық жас орындаушылардың сахнадағы алғашқы қадамына ерекше қолдау білдірді.
– Beu Fest сахнасында Umay тобы ретінде алғаш рет үлкен аудитория алдында өнер көрсету біз үшін маңызды қадам болды. Бұл фестиваль тыңдарманға өзімізді таныстыруға берілген үлкен мүмкіндік деп білеміз. Біз қазақ музыкасының заманауи бағытта дамуына үлес қосып, ұлттық болмысты жаңа форматта жеткізуді мақсат етеміз. Осындай алаңдар жас таланттардың ашылуына, шығармашылық индустрияның дамуына және жаңа буын әртістерінің қалыптасуына ықпал етеді. Бұл кеш – тобымыздағы әрбір қыздың арманы орындалған сәт. Beu Fest бізге жас орындаушыларға қолдау көрсетуімен, көрерменнің ыстық ықыласымен ұмытылмас әсер сыйлады. Осындай мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз!» – деді Umay тобының мүшесі Сабина Жеңісқанова.
Онымен қоса, биылғы фестиваль көрермен үшін күтпеген музыкалық коллаборацияларымен есте қалды. Кештің басты жаңалығының бірі болған Shiza мен Жанар Дұғалованың орындауы тыңдарманның ерекше ықыласына бөленсе, Ulukmanapo мен Yenlik ұсынған жаңа композиция осы кеште жарыққа шықты.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы