Корей операсы қазақ сахнасын тербеді

7 маусым күні елордамыз­дағы жетекші мәдени орталықтардың бірі «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Opera Voyage концерті өтті. Халықаралық «Опералия» фестивалі әлемдік классикалық музыка мен корей ұлттық мәдение­тінің тоғысқан алаңына айналды.

Соңғы жылдары корей мәдениеті әлемнің көптеген елінде кеңінен танылып келеді. Әсіресе, BTS, BLACKPINK секілді топтардың арқасында K-pop жаһандық құ­былысқа айналды. Дегенмен Ко­рея мәдениеті тек заманауи музыкамен шектелмейтіні айдан анық. Ғасыр­лар қойнауынан бастау алатын классикалық музыка дәстүрі мен XVII ғасырдан бері дамып келе жатқан «Пхансори» корей операсы – ұлттық мәдени мұраның ажырамас бөлігі. Opera Voyage концерті қазақстандық көрерменге корей өнерінің дәл осы терең әрі көркем қырын таныстыруды мақсат етті. Кеш барысында көрермендер әлемдік опера репертуарындағы танымал ариялармен қатар, корей композиторларының шығармаларын және заманауи корей операсынан үзінділер тамашалады. Концертте Корея Ұлттық опера студиясының жас әншіле­рі – сопранолар Чхве Ёнвон, Чин Чуын, Ча Еын, тенорлар Ким Хёнсо мен Ким Хансон, баритондар Нам Кичхан мен Ким Чанхён өнер көрсетті. Жас болғандарына қарамастан, орындаушылар Ко­рея­дағы беделді музыкалық байқаулардың лауреаттары ретінде танылып, әлем­дік сахналарды мойындатып үлгерген. Концертке қатысқан сопрано Чхве Ёнвон үшін бұл Астанадағы алғашқы кеші болды. Әншінің айтуынша, ол қазақстандық көрерменмен музыка арқылы байланыс орнатуды ерекше толқыныспен күткен. 

«Бұл – менің Астанадағы алғашқы концертім. Қазақстандық көрерменмен жүздесу – мен үшін үлкен мәртебе. Осы кеш арқылы корей операсының сұлулығы мен эмоциялық тереңдігін жеткізгім келеді», – дейді өнерпаз. 

Ал тенор Ким Хансон музыканың адамдарды тіл мен мәдени айырмашы­лықтарға қарамастан жақындастыра алатын ерекше күш екенін атап өтті. 

«Музыка әлемнің түкпір түкпіріндегі жандарды біріктіре алатын шексіз күшке ие. Осы концерт арқылы Астана көрерменімен әсерлі сәттерді бөлісіп, мәдени өзара түсіністікті нығайтқымыз келеді», – дейді ол.

Концерттің ерекше тұсының бірі дәстүрлі корей операсы «Тағдыр тоғыс­тырған жандар» шығармасынан ұсынылған көріністер болды. Қойылым режиссері Чу Доквонның айтуынша, туын­дының негізгі идеясы – әрбір кездесудің құндылығын көрсету.

– Бүгінгі цифрлық дәуірде адамдар әлеуметтік желілер арқылы күн сайын ондаған, тіпті жүздеген жаңа таныстық­тар орнатады. Көп жағдайда мұндай бай­ланыстарға ерекше мән де берілмейді. Алайда өмірдің қызығы сол –  кейде дәл осындай кездейсоқ таныстықтар шынайы достықтың бастауына, тіпті адам тағдырын өзгертетін ерекше қарым-қатынасқа айналуы мүмкін. Қай жүздесудің өмірімізге жаңа бағыт сыйлайтынын ешкім алдын ала болжай алмайды. Сондықтан әрбір кездесудің өзіндік мәні мен маңызы бар екенін ұмытпау –  бүгінгі қоғам үшін өзекті құн­дылықтың бірі, – дейді режиссер.

Ол қойылымды әзірлеу барысында әртістердің кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесі мен құбылыстарын барынша шынайы жеткізуге тырысқан. Концерттік нұсқада операның толық сюжеттік желісі қамтылмағанымен, негізгі оқиғалар мен драмалық түйіндердің көрерменге анық жетуі үшін сахналық қозғалыс­тар, актерлік шеберлік пен мизансценалық шешімдерге ерекше мән берілген. «Мен үшін ең маңыздысы – көрерменнің оқиғаны сөз арқылы емес, сезім арқылы қабылдауы. Сондықтан сахнадағы әрбір әрекет эмоцияны бірден жеткізе алатындай етіп құрылды», – дейді ол. 

Режиссердің пікірінше, бұл шығарманың табысты болуының бір сыры – оның қарапайым әрі адам табиғатына жақын тақырыптарды қозғауында. «Қо­йы­лымда махаббат, толқу, кездесу, түсі­­ніс­тік сияқ­ты жалпыадамзаттық құнды­лықтар кө­рініс табады. Сол себепті шы­ғарма корей көрерменіне ғана емес, өзге ел аудитория­сына да жақын», – деп атап өтті.

Чу Доквон мырза корей классикалық музыкасының халықаралық болашағына да үлкен сеніммен қарайды. Оның пікірінше, K-pop әлемге корей мәдениетінің есі­­­­гін ашқан болса, ендігі кезеңде корей операсы мен академиялық музыкасына деген қызығушылық арта түседі. «Бүгінде әлемнің жетекші театрларында корей вокалис­тері табысты өнер көрсетіп жүр. Сонымен қатар бізде сапалы ұлттық опералар мен дарынды режиссерлер көп. Егер K-pop корей мәдениетінің есігін ашып берген кілт болса, K-Opera – сол ашық есік­тен төрге озып, әлем жұртшылығы сүйсіне тамашалайтын келесі үлкен тарих болмақ». 

 Соңғы уақытта тек қана корей классикалық музыкасы емес, Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени байланыстар да жаңа деңгейге көтеріліп жатқаны сөзсіз. Бүгінде екі ел өнер, кино, білім және мәдениет салаларында белсенді ынтымақтастық орнатуда. Қазақстанда корей мәдениетіне деген қызығушылық артып қана қоймай, бірлескен шығарма­шылық жобалар да жүзеге асы­рылып жатыр. Бұл өз кезегінде халықтар арасындағы түсіністік пен дос­тықты ны­ғай­туға ықпал етуде. Концерт барысында аталған байланыс залдағы атмосферадан ерекше сезілді. Көрермендер арасында Қазақстанда тұратын кәріс этносының өкілдері көп болды. Олар өздерінің тарихи отанының мәдениетімен қайта қауыш­қандай әсер алып, сахнадағы әрбір туындыны ерекше ықыласпен қабылдады. Бұл кездесу көптеген адам үшін мәдени тамырымен қайта байланыс орнатқан ғажайып іс-шараға айналғандай болды. Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі концерт біткен уақытта болды. Бағдарламаны корейлік өнерпаздар қазақтың ұлы ойшылы Абайдың әйгілі «Көзімнің қарасы» әнімен түйіндеді. Сол сәтте залдағы түрлі этнос өкілдері –  қазақ, корей, орыс пен қытайлар әнді әртістермен бірге қосыла шырқап, оны өз мәдение­тінің ажырамас бір бөлшегіндей қабылдағаны жүректі елжіретпей қоймайды. Бұл көрініс кештің басты идеясын –  өнердің ұлт пен тілге бөлінбейтін әмбебап құндылық екенін айқын аңғартты.

Осылайша, Opera Voyage концерті кезекті опера кешінен әлдеқайда ауқымды мәнге ие болып, мәдениеттерді тоғыстыр­ған ерекше оқиғаға айналды. Қазақстан мен Кореяны мыңдаған шақырым қа­шықтық бөліп тұрғанымен, өнер мен музыканың халықтарды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіре алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Данажан АМАНГЕЛДИНА,

ЕҰУ-дің 2-курс студенті