"Құлағымнан қан ағып жатыр": Жалғас Жұмағұлов енді төбелеспейтінін айтты

Қазір ол толық тексеруден өтіп, оңалу процесін бастау үшін Ыстамбұлдағы (Түркия) клиникаға аттанған.

Қазақстандық ММА файтері, OKTAGON лигасының чемпионы Жалғас Жұмағұлов  промоушеннің екінші титулы үшін Игор Севериноға қарсы өткен жекпе-жектің зардаптары туралы айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

Айта кетейік, Братиславада (Словакия) өткен Oktagon 89 турнирінде аса жеңіл салмақ чемпионы, қазақстандық Жалғас Жұмағұлов пен Бразилиядан келген жеңіл салмақ белбеуінің иегері Игор Северино арасында жекпе-жек өткен болатын.

Кездесу бразилиялық чемпионның қазақстандыққа қарсы шаптан тыйым салынған соққы жасауына байланысты мерзімінен бұрын аяқталды. Жекпе-жек тоқтатылып, кейінірек өткізілмеген деп танылды. Бірінші раундта ол сондай-ақ көзден саусақпен түрту арқылы тыйым салынған әрекетке барған. Соның салдарынан Жалғас Жұмағұлов өзін жайсыз сезініп жүргенін және көру қабілетінің әлі қалпына келмегенін айтты.

– Өзімді өте нашар сезініп тұрмын. Қазір оң көзім екі болып көрінеді. Нашар көремін, оң құлағым ауырып тұр. Құлағымнан қан ағып жатыр. Шабым да ауырады. Негізгі жарақаттарым осындай. Басым жақсы, миым шайқалған жоқ. Ол жай ғана көзімді түртіп жіберді, содан бәрі екеу болып көріне бастады. Сондықтан кейін шегініп, сүріне бердім. Оны таба алмай қалдым, – деді Жалғас Жұмағұлов.

Оның айтуынша, осы оқиғалардан кейін қарсыласы одан кешірім сұрамаған және байланысқа шығуға тырыспаған. 

"Ол – адекватты файтер емес. Тіпті, кешірім сұрап, қол да алысқан жоқ. Шынын айтсам, ол – ауру. Мұндай іске тек іштей әлсіз адамдар барады",  деді спортшы.

Сонымен қатар Жұмағұлов Oktagon-ның қос чемпионы болу мақсатынан бас тартқанын, кем дегенде ол жақта белбеу иегері ауысқанша бұл титулға ұмтылмайтынын жеткізді.

– Екінші белбеуге келетін болсақ,  мен бұдан былай екінші белбеу үшін төбелеспеймін. Бұл маған қызық емес, әсіресе онымен. Ол сияқты файтермен енді жекпе-жекке шықпаймын. Онымен келіскеніме өкінемін. Менеджерім оның "лас" файтер екенін айтқан болатын. Бірақ бұндай дәрежеге дейін барады деп ойламаппын. Сондықтан оның басқа қарсыластарына ескертуім: онымен жұдырықтаспаған дұрыс. Бұл өте қауіпті, рухы әлсіз адам", – деді ол.