Петропавлда қараусыз қалған үш жасар бүлдіршін кондуктордың қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында ата-анасына аман-есен табысталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Polisia.kz сілтеме жасап.
Оқиға 4 маусым күні болған. №7 бағыттағы автобустың кондукторы көшеде ересектердің қарауынсыз жүрген кішкентай баланы байқап, оны автобус салонына кіргізіп алады. Содан "102" арнасына хабар берген.
Оқиға орнына келген ювеналдық полиция қызметкерлері баланы өз қарауына алды. Алайда бүлдіршін өзінің тұрғылықты мекенжайын не ата-анасы туралы нақты ақпаратты айта алмаған. Осыған байланысты оның заңды өкілдерін анықтау үшін полицияның барлық сыртқы қызметтері жұмылдырылды.
Көп ұзамай оның ата-анасы анықталып, бүлдіршін медициналық мекемеге орналастырылмай-ақ отбасына қайтарылды. Тексеру барысында анасының жұмысқа кеткені, ал әкесінің екі кішкентай баласымен бірге ұйықтап жатқан кезде оның оянып, үйден шығып кеткен екен. Оның көшедегі шамамен екі сағат жүрген.
Осы дерек бойынша әкесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері отбасының тұрмыс жағдайын тексеріп, ата-аналармен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Полиция департаменті өкілдері атап өткендей, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ата-аналардың жауапкершілігіне байланысты. Сонымен қатар мұндай жағдайларда айналадағы адамдардың қырағылығы мен бейжай қарамауы да маңызды рөл атқарады.