Ақмолада бір айда үш жасөспірім жол апатынан кейін жансақтау бөліміне түсті

Бала ауыр бас-ми жарақатын алған.

Ақмола облысында жасөспірімдердің мототехника мен велосипед басқаруына байланысты жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Дәрігерлер мен полицейлердің мәліметі бұл мәселенің өзектілігін тағы бір мәрте көрсетті, деп хабарлайды Aikyn.kz  порталының тілшісі.

Ақмола облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері соңғы бір ай ішінде мотоцикл мен автокөліктің қатысуымен болған жол апаттарынан кейін үш кәмелетке толмаған баланың жансақтау бөліміне түскенін хабарлады.

Қазіргі уақытта Степногор  қаласынан жеткізілген жасөспірім бірнеше аптадан бері реаниматологтардың тұрақты бақылауында жатыр. Ал екі күн бұрын ауруханаға Бурабай ауданынан тағы бір жас пациент түскен. Дәрігерлер оның жағдайын алаңдатарлық деп бағалап отыр. Бала ауыр бас-ми жарақатын алған.

Өңірдегі ахуалға қатысты өз статистикасын Ақмола облысының полицейлері де жариялады. Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында мототехника мен велосипед басқарған кәмелетке толмағандардың қатысуымен тоғыз бірдей жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалардың салдары көбіне ауыр жарақаттармен аяқталады. Әсіресе, балалардың мотокөлік құралдарын жеткілікті тәжірибесіз және қауіпсіздік талаптарын толық сақтамай басқаруы қауіп-қатерді күшейтеді.

Бұл ақпарат ең алдымен ата-аналарға ой салуы тиіс. Баласына мотоцикл, мопед немесе өзге де мототехника сатып аларда оның қауіпсіздігі мен жолдағы жауапкершілігін ескерген жөн. Өйткені бір сәттік қызығушылық пен қауіпті «ойыншық» баланың денсаулығына ғана емес, өміріне де аса зор қатер төндіруі мүмкін. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы