Әскердегі өлім: Батальон командирінің орынбасары сотталды

4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Алматы гарнизонының әскери сотында Талдықорған гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет өткерген сарбаз өліміне қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Оқиға былтыр 23 қыркүйекте болған. Жеке құрамның қарумен жұмыс істеу барысында пулеметтен абайсызда оқ атылып, салдарынан оқ жарақатын алған қатардағы жауынгер Ә.Сейтқали қаза тапты. 

Іс бойынша қадағалауды жүргізу барысында әскери прокурорлар қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтады. Дәлелдемелерді жинақтауға бағытталған қажетті тергеу және процестік әрекеттер  толық жүргізілген. Нәтижесінде, батальон командирінің орынбасары қаруды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген. Сондай-ақ алдыңғы өткізілген атыстан кейін қаруды толық тексеруді ұйымдастырмағаны анықталды. Салдарынан ұңғыда қалып қойған оқ әскери қызметшінің қазасына себеп болды. 

Сот талқылауының қорытындысы бойынша аталған лауазымды тұлға Қылмыстық кодекстің 453-бабы  2-бөлігімен ("ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.