«Париж емес, Жалпақтал»: жастар Ынтымақ мұнарасының алдында сөз салуды трендке айналдырып жатыр

Бұған себеп – ауылдағы Ынтымақ мұнарасы.

Соңғы уақытта Батыс Қазақстандағы Жалпақтал ауылы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Желі қолданушылары ауылды әзіл-шыны аралас «Қазақстанның Парижі» деп атап кеткен. Бұған себеп – ауылдағы Ынтымақ мұнарасы.

Бір кездері ғашықтар ерекше ұсыныс жасау үшін үлкен қалалардағы көрікті орындарды іздесе, бүгінде жастардың таңдауы өзгеріп келеді. Соңғы уақытта көптеген жұп дәл осы Ынтымақ мұнарасының жанында сөз салып, өміріндегі маңызды сәтін өткізуді жөн көріп отыр.

Ынтымақ мұнарасы – Жалпақтал өңірінің 2006 жылғы түлектерінің туған жерге жасаған тартуы. Уақыт өте келе бұл нысан ауылдың ғана емес, тұтас өңірдің символына айналды. Қазір мұнда фотосессиялар, мерекелік шаралар мен романтикалық кездесулер жиі өтеді.

Сөз салу рәсімін ұйымдастырумен айналысатын оралдық кәсіпкер Шерхан Меңдіханның айтуынша, соңғы уақытта Жалпақталға сұраныс күрт артқан.

«Бұрын жастардың басым бөлігі Орал қаласындағы Орталық саябақты таңдайтын. Қазір маған хабарласатындардың арасында "Жалпақталға барып ұйымдастыра аласыздар ма?" деп сұрайтындар көбейді. Соңғы кезде бұл жердің танымалдығы айтарлықтай өсті», – дейді ұйымдастырушы.

Оның айтуынша, Жалпақталда ұсынысты ұйымдастырудың өзіндік қиындығы бар. Оралдан ауылға дейінгі қашықтық шамамен 300 шақырымға жуық. Сондықтан ұйымдастырушылар тобы әдетте Орал–Чапай–Жалпақтал бағыты арқылы қатынайды.

«Чапай ауылынан кейін жолдың сапасы нашарлайды. Барлық декорацияны, жарық құрылғыларын және қажетті жабдықтарды жеткізу керек. Сондықтан мұндай ұсынысты ұйымдастыру құны кемі 100 мың теңгеге дейін барады. Соған қарамастан жастар осы жерді таңдап жатыр. Сапалы сурет, әдемі видео дегеннің бәрі осылайша жұптардың жадында өмір бойы сақталып қалады. Біздің мақсатымыз да сол, адамдарға естен кетпес эмоция сыйлағымыз келеді», – дейді ол.

Жуырда ұйымдастырушылар Жалпақталға арнайы барып, жас жігіттің сүйіктісіне жасаған ұсынысын ерекше форматта өткізген. Безендіру, жарық композициялары мен романтикалық атмосфера бұл сәтті ұмытылмас естелікке айналдырған.

Шерхан Меңдіханның сөзінше, махаббат үшін міндетті түрде әлемнің әйгілі қалаларына барудың қажеті жоқ. Ең бастысы – шынайы сезім мен жүректен шыққан ниет. Сондықтан бүгінде Парижді армандаған кейбір жастар өз бақытын дәл Жалпақталдағы Ынтымақ мұнарасының жанынан тауып жатыр.

Әлеуметтік желілерде тараған видеолар мен фотолар да ауылдың танымалдылығын арттырды. Көпшілік енді Жалпақталды тек ауыл ретінде емес, ерекше атмосферасы бар романтикалық мекен ретінде қабылдай бастады. Осылайша, соңғы күндері трендке айналған Жалпақтал жастардың махаббат хикаясымен жаңа қырынан танылып отыр.