Алматы облысының Шамалған ауылында белгісіз ер адам көшеде әйелге шабуыл жасап, оны қылқындырмақ болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиғадан кейін күдікті оқиға орнынан бой тасалаған.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада оқиға орнының көрінісі көрсетілген. Зардап шеккен әйелдің туыстарының айтуынша, шабуыл кешкі сағат сегіздер шамасында өзен жағасындағы жолда болған.
Айтуынша, оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Алайда осы уақытқа дейін күдіктінің жеке басы анықталмаған.
Алматы облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын және құқыққа қарсы әрекетке қатысы бар тұлғаны анықтауға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша құқықтық баға беріліп, тиісті процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция.
Қазір құқық қорғау органдары күдіктіні анықтау және ұстау жұмыстарын жүргізіп жатыр.