Батыс Қазақстан облысында үш мектеп түлегі суға батып, көз жұмды

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында үш жасөспірім суға батып, қайтыс болды.

Қайғылы оқиға 9 маусым күні кешкі уақытта Жаңақазан ауылы маңындағы Сарыөзен өзенінде болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2009 жылы туған екі жасөспірім мен 2008 жылы туған бір азамат арнайы жабдықталмаған әрі шомылуға тыйым салынған жерде суға түскен. Аталған аумақта суға түсуге болмайтынын ескертетін белгі орнатылған.

Оқиға туралы хабар түскеннен кейін құтқарушылар жедел түрде оқиға орнына барған. Алайда ТЖМ қызметкерлері жеткенге дейін қаза болғандардың денелері жергілікті тұрғындардың көмегімен судан шығарылған.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

Белгілі болғандай, көз жұмған үш жасөспірім де биыл мектеп бітірген түлектер болған.

Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырып, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау қажеттігін еске салды.