Арқалықтағы резонансты іс: блогер Қанат Әлімбаев 10 жылға сотталды

Қостанай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, ол зорлау және сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасады деген күдікке ілінген.

Арқалық қалалық соты «Арайлы Арқалық» YouTube арнасының авторы Қанат Әлімбаевқа қатысты үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Еске салсақ, 35 жастағы блогер осы жылдың сәуір айында ұсталған болатын. Қостанай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, ол зорлау және сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасады деген күдікке ілінген.

Тергеу дерегіне сәйкес, жәбірленушілердің кейбірі күдіктіден қарызға ақша алған. Қарызын уақытында қайтара алмаған әйелдерден ол жақын қарым-қатынас талап еткен. Ал қарсылық білдірген жағдайда, олардың еркінен тыс жыныстық қатынасқа барған деген күдік айтылды.

Қанат Әлімбаевқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы («Зорлау»), 121-бабы («Сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттері») және 123-бабы («Жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеу») бойынша айып тағылды.

22 мамырда Арқалық қалалық соты оны кінәлі деп танып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Іс материалдарының егжей-тегжейі жарияланған жоқ. Сот отырысы жабық режимде өтті.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Қорғаушы тарап сот шешіміне апелляциялық шағым түсірді.