Сауд Арабиясы Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі сауда-экономикалық серіктестері қатарына кіреді. Қазақстан мен Сауд Арабиясы көшбасшыларының өзара қолдауы нәтижесінде сенімді әрі достық қарым-қатынастар орнағаны атап өтілді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 17%-ға артып, 11,7 млн долларды құрады. Биылғы қаңтар-сәуір айларында тауар айналымы 2,9 есеге өсіп, 6,1 млн доллардан асты. Кейінгі 20 жылда Сауд Арабиясы Корольдігінен Қазақстан Республикасына тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 115,3 млн долларды құрады. Биылғы ақпан айында қол қойылған Қазақстан – Сауд Арабиясы үйлестіру кеңесін құру туралы келісім және инвестицияларды өзара ынталандыру мен қорғау туралы келісім жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыру үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Тау-кен металлургия кешеніндегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне, сондай-ақ аса маңызды минералдар саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларына назар аударылды. Пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және өңдеу, сондай-ақ қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту саласындағы өзара іс-қимыл талқыланды.