2025 жылы бюджеттің атқарылуы жаңа Бюджет кодексінің қолданысы жағдайында жүзеге асырылды. Үкімет есебін депутаттарға таныстырған Қаржы министрі Мәди Такиев өткен жылдың қорытындысы бойынша Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) өсімі 6,5%-ды құрағанын, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 1,5%-ға жоғары екенін айтты. Бюджет түсімдері жоспарға шаққанда 99%-ға атқарылып, 21,4 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде трансферттерді есептемегендегі меншікті кірістер 17,5%-дық өсіммен 15,3 трлн теңгені құрады. Бюджет шығыстары да 99%-ға орындалып, 25,5 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте министр Үкіметтің әлеуметтік міндеттемелерді орындағанын атап өтті.
– Өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталса, әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге бөлінді. Ұлттық жобалар шеңберінде 198 мектептің және 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 5 141 баспана сатып алынды. Үкімет үшін ең маңыздысы – бюджеттің атқарылуының тек игеру пайызы бойынша ғана бағаланбауы. Басты шарт – азаматтар мен бизнес және өңірлерде нақты қол жеткізілген нәтиже, – деп атап өтті Мәди Такиев.
Өз кезегінде Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов ЖІӨ-ге қатысты болжамның 9 трлн теңгеге артық орындалғанына қарамастан, бюджетке 335 млрд теңге түспей қалғанын айтты. Оның айтуынша, бұл жоспарлаудың олқылықтары мен салықтық болжамдардың шамадан тыс оптимистік болуының салдары. Сонымен қатар бюджет тапшылығы әлі де айтарлықтай жоғары. Оны қысқарту жөніндегі жоспарлар қабылданды, алайда Жоғары аудиторлық палатаның бағалауынша, олардың ортамерзімді перспективада жүзеге асу ықтималдығы төмен. Бұған қоса, 2025 жылы бюджет процесіне бюджеттен тыс қорлар интеграцияланды, бірақ олардың нақты саны туралы толыққанды есеп пен мәлімет жоқ.
Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Еркін Әбіл 2025 жылдың қорытындысы бойынша Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, экономикалық өсудің оң динамикасын сақтап қалғанын атап өтті. Бұл ретте экономикаға өңдеу өнеркәсібі қосқан үлес алғаш рет тау-кен өндіру секторының үлесінен (11,9%) асып түсіп, 13%-ды құрады. Басқа да жетістіктер бар, алайда инфляциялық және өзге де елеулі сын-қатерлердің сақталуы тұрғындардың нақты табысының төмендеуіне әсер етуде.
Талқылау барысында депутаттар Үкімет мүшелеріне азық-түлік тауарларының бағасын тежеу шаралары, қаржылық сын-қатерлердің алдын алу және мемлекеттік қарызға тәуелділікті төмендету бойынша жасалып жатқан қадамдар туралы сұрақтар қойды. Сондай-ақ депутаттар су шаруашылығын дамыту саласындағы жоспарланған көрсеткіштер мен күтілетін нәтижелерге қол жеткізілмеу себептері, фермерлер алдындағы субсидияға қатысты берешекті өтеу мерзімдері, сондай-ақ етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру үшін енгізу жоспарланып отырған тетіктер туралы сұрады.
Есептерге Мәжілістегі барлық саяси партия фракциялары өз бағаларын берді. «Ауыл», ҚХП, «Respublica», «Ақ жол» және «AMANAT» фракциялары Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін депутаттардың айтқан ескертулерін назарға ала отырып бекітуді қолдады. ЖСДП фракциясы құжаттарды қолдамай, қарсы дауыс берді.
Жалпы алғанда, депутаттар Үкіметтің есебін қанағаттанарлық деңгейде бағалап, оны одан әрі қарау үшін Сенатқа жіберу туралы шешім қабылдады.
Талқылауды қорытындылай келе, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов жалпы алғанда Үкімет тарапынан ауқымды жұмыс атқарылғанына назар аударды. Атап айтқанда, ел экономикасының дамуында тұрақтылық байқалады, ЖІӨ өсімі болжанған көрсеткіштен де, былтырғы деңгейден де асып түсті. Сонымен қатар бюджет саясаты мен заңнаманы жетілдіруге қатысты әлі де атқарылатын жұмыс көп.
– Былтыр даму бюджетінің үлесі 8,1-ден 6,4 пайызға дейін қысқарған. Әрбір бесінші инвестициялық жоба 2025 жылы аяқталмай қалған. Алайда елдің экономикалық өсіміне берік негіз қалайтын не? Ол – әрине, инфрақұрылымға, өндіріске, инновация мен адами капиталға салынған инвестиция. Ал біз осы бағыттағы даму бюджетінің тиісті деңгейде атқарылмай жатқанын көріп отырмыз. Бірінші кезекте ағымдағы мәселелерге емес, елді дамытуға арналған шығыстарға басымдық берілуге тиіс, – деді Мәжіліс Спикері.
Ерлан Қошанов сондай-ақ мемлекеттік органдардың жаңа Бюджет кодексінде жазылған Парламенттің қатысуынсыз бюджетке 15% шегінде өз бетінше түзетулер енгізу мүмкіндігіне әуестеніп кеткенін баса айтты. Сегіз рет түзету жүргізілген, жекелеген салаларда шығыстар 59%-ға дейін өзгертілген, бұл бюджеттік бағдарламаларды бастапқы жоспарлаудың жеткілікті деңгейде ойластырылмағанын көрсетеді. Осыған байланысты Мәжіліс Төрағасы Бюджет кодексіндегі осы норманы қайта қарап, бюджеттік түзетулердің нақты шегін бекітуді ұсынды.
Мәжіліс Төрағасы бюджет кірістерін объективті түрде болжау, сондай-ақ Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жобаларға мониторинг жүргізу қажеттігіне де тоқталды. Сөз соңында ол отырыс барысында айтылған депутаттардың ұсыныстары Үкімет тарапынан мұқият талданып, алдағы жылдардың бюджетінде көрініс табады деген сенім білдірді.
Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері Парламент палаталарының бірлескен отырысында түпкілікті қаралады.
Бұдан бөлек, Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекске енгізілетін заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Әділ Жұбановтың келтірген дерегі бойынша, заң электрондық сауданы реттеу бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың жаңартылған талаптарына сәйкес әзірленген.
Құжат электрондық сауда тауарларын жеке санатқа бөлуді және «электрондық сауда операторы» ұғымын енгізуді көздейді. Мұндай операторлар интернет алаңдар арқылы сатып алынған тауарлардың логистикасын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бұл кедендік декларациялау және тауарларды сақтау рәсімдерінің сақталуы мәселелері бойынша кеден органдарымен өзара іс-әрекетті жолға қоюға мүмкіндік береді.
Екінші оқылымда экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері туралы заң да қабылданды. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Ажар Сағандықованың айтуынша, түзетулерді Парламент депутаттары көміртекті реттеу, қалдықтарды басқару, саланы цифрландыру, оны реттеу мен бақылау тетіктерін жетілдіру мақсатымен әзірлеген.
Атап айтқанда, тауар биржасы арқылы квота бөлудің аукциондық тетігін енгізу жоспарлануда, бұл нарықтық баға қалыптастыруды және жүйенің ашықтығын арттырады. Сондай-ақ көміртек бірліктеріне сұраныс пен ұсыныс арасындағы ықтимал теңгерімсіздіктерді реттеуге мүмкіндік беретін тұрақтандыру резервін құру көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, жаңа нормалар гидрометеорология саласындағы ғылыми қызметті дамытуға, инвестициялық жобалар мен көмірсутектерді барлау жобалары үшін экологиялық рұқсаттар алу рәсімдерін жеңілдетуге, «Жасыл даму» акционерлік қоғамына тұрақты органикалық ластаушылар мен иесіз қауіпті қалдықтарды жоюды қаржыландыру бойынша құзыреттер беруге және тағы басқаларына бағытталған.
Мәжіліс Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы елшіліктердің, сондай-ақ екі мемлекеттің Төтенше және өкілетті елшілері резиденцияларының мұқтаждықтары үшін Астана және Бішкек қалаларындағы ғимараттар мен жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялады. Оны депутаттарға Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Әлібек Қуантыров таныстырды.
Құжаттың ережелеріне сәйкес, нысандар кейіннен ұзарту құқығымен 49 жыл мерзімге беріліп, екі елде алынатын салықтар мен алымдардың барлық түрінен босатылады. Сондай-ақ онда жер учаскелерін және жылжымайтын мүлік нысандарын беру тәртібі мен шарттары айқындалған. Бүгінде Қазақстан 12 мемлекетпен осындай келісімдер жасасқан.
Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Самат Нұртаза келісімнің маңызды практикалық мәні бар екенін атап өтті. Жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға беру, жылжымайтын мүлік нысандарын жалға алу мен пайдалануға байланысты шығындарды азайтуға жол ашады. Бұл ұзақмерзімді перспективада дипломатиялық өкілдіктердің тұрақты әрі тәуелсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, Қаржы және бюджет комитеті Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді («Экономиканың инклюзивті және орнықты өсуі» даму саясатын қаржыландыруға арналған екінші қарыз») ратификациялау туралы жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады.