Урбанизация бағытындағы тың үдеріс

Елімізде кейінгі жылдары урбанизация мәселесі мемлекеттік саясаттың ең негізгі бағытының біріне айналды. Әсіресе, теріскей аймақтардағы жағдай көптің көз алдында.

Ауылдағы қаймана халық ескі үйлерінің есігіне қара құлып салып, қалаға үдере көшті. Осы тұста қалаларда қаптаған көпқабатты тұрғын үйлер салынғанымен, оларды қамтуға жылу мен кәріз жүйелерінің қауқары жетпей жатыр. Тіпті, ауызсудың да тапшылығы біліне бастады.

Бұл мәселе Ақмола өңіріне де кезігіп отыр. Жалпы, халық санының өсуі, көші-қон үдерістерінің күшейіп, тұрғын үйге сұраныстың артуы, бөздей сөгілген инже­нерлік желілер мен апатты тұрғын үйлер мәселесі елдің көптеген өңірінде өзекті сана­лады. Осы бағыттағы тәжірибені тал­қы­лау мақсатында Көкшетауда «AQMOLA URBAN FORUM: Реновация және заманауи урбанизация» атты республикалық форум өтті. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ұйымдастырылған іс-шараға Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, ведомство өкілдері, өңір әкімдерінің орынбасарлары, салалық ұйымдардың басшылары, белгілі урбанистер, сәулетшілер, инвесторлар мен сарапшылар қатысты.

Көкше төрінде өткен ауқымды форум­ның басты ерекшелігі сол, мұнда тек тео­риялық мәселелер емес, нақты іске асқан жобалар мен тәжірибелер талқыға түскенін атап өткен жөн. Оның ішінде республика көлемінде ерекше назар аудартқан Ақмола облысының реновация бағдарламасы болды. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов форумның ашылуында бүгінде өңір эко­номикалық өсім, инвестиция тарту және тұрғын үй құрылысы қарқыны бойынша елдегі жетекші аймақтардың біріне айнал­ғанын атап өтті.

Шын мәнінде, Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан реновация бағ­дар­ламасы жай ғана құрылыс жобасы ғана емес, тұрғын үй саясатын, инвестициялық саясатты және урбанистикалық дамуды бір арнаға тоғыстырған кешенді моделге айналған секілді.

«KOKSHE ӘКК» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Әли Әлиевтің сөзінше, реновацияның басты мақсаты – тұрғын үй қорын жаңарту емес, заманауи әрі қолайлы қалалық орта қалып­тастыру.

«Мәселе тек жаңа пәтер беруде емес. Әңгіме инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, әлеуметтік нысандарды жаңарту, көгалдан­дыру, көлік және жаяу жүргіншілер инфра­құрылымын жетілдіру арқылы тұрғындардың өмір сапасын көтеру туралы болып отыр. Осы мақсатта Президент тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің тікелей басшылығы­мен реновация бағдарламасы қолға алынған еді. Бағдарлама сәтті жүзеге асырылып, азғантай уақыт ішінде жұмылған жұдырық­тай әрекет етудің арқасында апатты жағ­дай­дағы үйлер сүріліп, қала тұрғындары барлық жағдайы жасалған, сапалы үйлерде қоныс тойын тойлады», – деп атап өтті Әли Мұхаммедұлы. 

Өңірде тұңғыш рет қолға алынған бұл тәсілдің тиімділігіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударған еді. Президенттің Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдегі реновация бағдарламасына оң баға беріліп, тыңнан түрен салған тәжірибені еліміздің басқа өңірлеріне тарату жөнінде шұғыл тапсырма берілді. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов те форумда осы мәселеге арнайы тоқталды.

«Тұрғын үй қорын реновациялау мәселелеріне аймақта ерекше назар аудары­лып отыр. 2024 жылы өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыста жүзеге асырылып жатқан ескі тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасына оң баға беріп, Ақмола облысының тәжірибесін еліміздің басқа өңірлеріне таратуды тапсырған болатын», – деп атап өтті вице-министр.

Ақмола облысында қолға алынған реновация нақты алгоритм бойынша жүзеге асырылып келеді. Алдымен тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жинал­ыс­тар өткізіліп, әр отбасыға жеке консуль­тациялар беріледі. Одан кейін мүлік ба­ға­ланып, құжаттар рәсімделеді, уақытша көшіру ұйымдастырылады. Келесі кезеңде инвес­тор анықталады. Инвесторларға қойылатын талаптар да қатаң. Олар кемінде үш жыл көпқабатты тұрғын үй салу тәжіри­бесіне ие болуы, 100 мың шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға берген болуы және қаржылық тұрғыдан тұрақты ком­пания болуға тиіс. Осыдан кейін құрылыс басталып, оның сапасы тұрақты бақылауға алынады. Ал соңғы кезеңде тұрғындар жаңа пәтерлерге көшіріледі.

Бүгінде аймақта жүзеге асырылған бағ­дар­ламаның нәтижелері тек қағаз жүз­ін­де емес, нақты көрсеткіштермен дәл­елденіп отыр. Жаңа реновация жобасының арқасында Көкшетау, Ақкөл, Атбасар, Макинск, Щучинск қалаларын, Аршалы кенті­н, сондай-ақ Астрахан мен Зеренді ауыл­дарында тұрғын үйлер салынған. Кейін­гі екі жылдың ішінде өңірде апаттық жағдайға жеткен 23 тұрғын үй сүрілген. Сөйтіп, 763 пәтерлік 10 жаңа тұрғын үй кеш­ені пайдалануға берілген. 248 отбасы жаңа баспанаға көшіріліп, 73 меншік иесіне өтемақы төленген. Жыл соңына дейін тағы 130 отбасын көшіру жоспарланыпты.

Бұдан бөлек, қазір облыста 11 жаңа жоба жүзеге асырылуда. Оның аясында тағы 70 ескі үй сүріліп, тұрғындарды көшіру үшін 1 200 жаңа пәтер пайдалануға берілмек. Ал 2030 жылға дейін өңірде 250 ескі және апатты үй сүріліп, 55 заманауи тұрғын үй кешені салынбақ. Нәтижесінде, 18 мыңнан астам ақмолалық жаңа баспанамен қамтылатыны аталды.

Ақмола тәжірибесінің тағы бір ерекшелігі – оның экономикалық тиімділігі. Өңірде реновация жобаларына шамамен 38 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Ал мемлекет тарапынан салынған қаржы көлемі небәрі 702 миллион теңгені құрап отыр. Яғни, бюджеттің бүйіріне салмақ түсірмей-ақ, түйткіл шешіле береді. Сонымен қатар бағдарламаның қазақстандық қамту үлесі 96 пайызға жеткені аталды. Оның 84 пайызы Ақмола облысында өндірілген өнімдер мен құрылыс материалдарынан салынғаны да ерекше аталды.

Форум барысында урбанистикалық дамудың тағы бір маңызды бағыты танысты­рылды. Өңірде «KOKSHE ӘКК», Қазақ­стан тұрғын үй компаниясы және урбанис­тика орта­лығының қатысуымен аумақтарды кеш­енді дамыту жүйесі қалыптасып келеді. Қазір­дің өзінде аймақтың аса ірі қалалары – Көк­шетау мен Атбасарда кешенді зерттеулер жүргізіліп жатыр. Әсіресе, Атбасар қаласы шағын қалаларды дамыту бойынша пилот­тық алаң ретінде қарастырылған. Бұл жерде тек құрылыс емес, әлеуметтік, экономикалық және кеңістіктік даму мәселелері бірге қаралмақ. 

Ақмола облысының тәжірибесі көрсет­кендей, тұрғындар өз үйлерін реновация бағ­­дарламасына енгізуді өздері-ақ сұрай бас­таған. Бұл бағдарламаның қоғам тара­пынан қолдау тапқанын білдіреді. Сон­дықтан Көкшетауда өткен форум жай ғана кезекті салалық жиын емес, Қазақстанның урбанисти­калық дамуының жаңа кезеңін айқындаған маңызды оқиға болды деуге толық негіз бар.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы