Алты құрлыққа ауыз салған коронавирус індеті Жамбыл облысында да тіркелді. Бұл жайында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте баян етті.
–Шу ауданының 29 жастағы тұрғыны коронавирус індетін жұқтырғаны анықталды. Дерек түскен күні азамат инфекциялық стационарға жатқызылып, толық сараптама алынды. Сынама оң нәтиже көрсетті. Жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде кәсіпкер азаматтың Қырғызстан Республикасынан келгені белгілі болды. Қазіргі уақытта науқас облыстық балалар жұқпалы аурулар аурухасында ем алуда. Денсаулығы бірқалыпты. Ешқандай шағымы жоқ. Мамандар тиісті жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар науқаспен қарым-қатынаста болған 13 адам карантинге алынып, тұрғылықты мекенжайы залалсыздандырылды. Айрықша атап өтер жайт, қазір әлеуметтік желіде түрлі ақпарат жариялануда. Мәселен Т.Рысқұлов ауданында коронавирус тіркелгені бірнеше күннен бері қызу талқылануда. Шындығында аталмыш ауданда індет жұқтырғандар анықталған жоқ. Сол себепті ресми орган өкілдері растамаған мәліметке сенбеуге шақырамын,–деген Марат Сейтбекұлы жалған ақпарат таратушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды.Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы