"Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі": Италияда қазақстандық студент қаза тапты

Қазіргі уақытта Италияның құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

9 маусым күні Италияның Бриатико қаласындағы жағалаудағы жартастар арасынан 21 жастағы Қазақстан азаматының мәйіті табылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қаза тапқан азамат Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі болған. Ол Италияның Кассино қаласындағы Unicas университетінің 3-курсында білім алып жүрген.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі отандасымыздың қаза тапқаны туралы ақпаратты растап, марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Сыртқы істер министрлігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, – деп хабарлады ведомство.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның Италиядағы елшілігі елдің құзырлы органдарымен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтау жұмысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде.

Сонымен қатар  бұл оқиға туралы ақпарат алғашында Threads әлеуметтік желісінде пайда болған. Дінмұхаммед Мұхтаров оқиға жайлы жазып, марқұмның отбасына көмек ретінде қаражат жинау басталғанын хабарлаған. Кейін бұл жазба өшірілген.

"Жинақ жабылды! Барлық жиналған қаражат Нұрдәулеттің отбасына осынау қиын сәтте қаржылай көмек ретінде беріледі. Қолдау көрсеткен әр адамға шын жүректен алғыс айтамыз", – деп жазды ол.