Астанада мектеп оқушысы жазғы демалыста сирек кездесетін гүлдерді өсіріп жүр

Амангелді Ерсұлтан сирек кездесетін сәндік гүлдерді өсіруге ерекше қызығушылық танытады.

Астана қаласындағы №81 «Astana English School» халықаралық мектебінің 9-сынып оқушысы Амангелді Ерсұлтан жазғы демалысын ерекше гүлдер мен сирек өсімдіктерді күтіп-баптауға арнап жүр. Жас зерттеуші бүгінде мектеп жылыжайында өсірілетін гүлдердің өсуін бақылап, оларды көбейту және сақтау жұмыстарымен айналысады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты жазды, – деп жазды  Aikyn.kz.

Мектепте экологиялық мәдениетті қалыптастыру және оқушылардың ғылыми қызығушылығын арттыру мақсатында арнайы өсімдіктер өсіретін кабинет ашылған. IAES STEM Greenhouse деп аталатын бұл орталықта оқушылар гүлдер мен өсімдіктердің ондаған түрін өсіріп, олардың биологиялық ерекшеліктерін зерттейді. Кабинет заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, өсімдіктерге қажетті жарық, температура және суару жүйелері қарастырылған. 

Осы жобаның белсенді мүшесі Амангелді Ерсұлтан сирек кездесетін сәндік гүлдерді өсіруге ерекше қызығушылық танытады. Ол әр өсімдіктің күтім ерекшеліктерін зерттеп, олардың өсу қарқынын бақылап отырады. Жазғы демалыс кезінде де оқушы мектеп жылыжайына келіп, гүлдердің жай-күйін тексеріп, күтім жасау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

«Өсімдіктерді өсіру – үлкен жауапкершілік. Әр гүлдің өзіне тән күтімі бар. Кейбіріне көбірек жарық қажет болса, енді бірі белгілі бір температурада ғана жақсы өседі. Осындай тәжірибелер арқылы біз табиғатты тереңірек түсінеміз», – дейді Ерсұлтан. 

Жас зерттеушінің ғылымға деген қызығушылығы кездейсоқ емес. Ол – қазақтың белгілі ғалымы, биология ғылымдарының көрнекті өкілі Кәрім Мыңбаевтың ұрпағы. 

Ғалым атасының жолын үлгі тұтқан оқушы бүгінде ғылыми-зерттеу жұмысына белсенді араласып, жаратылыстану бағытында ізденіп келеді. Өткен жылы Ерсұлтан Ботаникалық бақтың оранжереяларында болып, тропикалық өсімдіктер мен суккуленттердің сирек түрлерімен танысты. Сонымен қатар халықаралық экологиялық семинарларға қатысып, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасты. Мектеп қабырғасында ашылған арнайы жылыжай кабинеті оқушыларға теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.